- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Сүйінші!!! "Қайрат" УЕФА...
Сүйінші!!! "Қайрат" УЕФА Кубогын жеңіп алды
Алматылық "Қайрат" футзал клубы Грузия астанасы Тбилисиде өткен УЕФА Кубогының финалында жеңіске жетіп, тұңғыш рет чемпион атанды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. Финалдық ойында ол мәскеулік "Динамо" футзал клубын 4:3 есебімен тізе бүктірді.
Қайраттықтар бірінші минуттан-ақ шабуылдап, қарсылас қақпасына бірнеше мәрте қауіпті жағдай туғызды. Ал ресейлік клуб негізінен тек қарымта шабуылдарға сенім артып отырды. Есепті бірінші болып алматылықтар ойынның 11-минутында ашты. Алешандре Мораэс тепкен допты динамолық голкипер қайтарғанымен, өз қақпасын қорғап қала алмады. Есеп: 1:0. Мәскеулік "Динамо" ойындағы есепті тек матчтың бірінші таймы аяқталуға 1 минут қалғанда теңестірді. Голдың авторы Сергей Сергеев болды. Сонымен, бірінші тайм қорытындысында қос команда тең есеппен демалыс бөлмесіне аттанды.
Екінші тайм "Динамо" шабуылдарымен басталды. Бірақ, алматылық клуб қарсыласты тұсап ұстай білді. Басымдықты өз қолына бірден жаңылмай алды. Тез ұйымдастырылған шабуылдардың бірінде "Қайрат" есепте алға шығатын мүмкіндікті жіберіп алды. Лео тепкен доп қақпа бағанасынан кейін серпілді. Бірақ, "Қайрат" "добым қисық кетті екен" деп шабуылдарын бір минутқа да бәсеңдеткен жоқ. Бірінші сәтте сәтсіздікке ұшыраған Лео Сантана бұл жолы өз мүмкіндігін бос жіберген жоқ. Сөйтіп, "Қайрат" есепте алға шықты.
Салынған голдан соң да "Қайрат" қорғанысқа жамбастап жатып алған жоқ, мәскеуліктердің қақпасын шабуылдаумен болды. Соның жемісін көрді де. Сөйтіп, "Қайрат" сапындағы легионер Фумаса алматылық клубқа үшінші голды алып келді. Артынан төртінші гол да "Қайрат" пайдасына соғылды. Авторы қақпашы Игита. Алайда, ол қарсылас ұйымдастырған шабуылдардың бірінде допты сәтсіз қайтарып, серпілген доп динамолық ойыншыға тиіп, "Қайрат" қақпасынан табылды. Соғылған доптан бойларына күш алған "Динамо" ойыншылары бүкіл ұжыммен жаппай шабуылға көшті. Еңбектерінің арқасында, есепті қысқарта да алды. Сонымен, Тату соққан доп таблода 4:3 есебін тіркеді. Ал әрі қарай шабуылдап, есепті теңестіреміз деген "Динамолық" ойыншыларға уақыт та, күш те жетпеді. Сонымен, жан алысып, жан беріскен финалдық матчта алматылық "Қайрат" жеңіске жетіп, Қазақстанның тарихында тұңғыш рет Еуропадағы "үздік футзал клубы" атанды.
Естеріңізге салсақ, жартылай финалдық кездесуде алматылық ұжым жарыстың өткен жылғы жеңімпазы испандық "Барселонаны" 5:4 есебімен жерге қаратқан еді.
Футзал. УЕФА Кубогы. Финал:
"Қайрат" (Алматы) - "Динамо" (Мәскеу) - 4:3 (1:1).
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: uefa.com
Б. Қосмағамбет