- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Спортпен белсенді айналысатын...
Спортпен белсенді айналысатын елдер рейтингі. Қазақстан қай орында?
Орта есеппен алғанда адам кемінде аптасына бір рет спортпен шұғылданады екен. Қазір жаттығу жасау, белсенді қимылдау, саламатты өмір салтын ұстану – денсаулыққа пайдалы іс қана емес, сән де.
Жуырда сарапшылар спортпен белсенді айналысатын елдер рейтингін жасап шығыпты. Рейтинг белгілі бір талаптар бойынша түзілген. Мамандар әр елдің халықаралық жарыстардағы жетістіктеріне, FIFA рейтингі, стадиондары мен халықтың спортпен шұғылдану деңгейіне мән берген. Олай болса рейтингке назар салсақ.
1. АҚШ
Америка Құрама Штаттарында стадиондар көп. Халықаралық талаптарға сай 367-і бар. Ал Олимпиада ойындарында (қысқы және жазғы) бұл елдің құрамасы орта есеппен алғанда 56,54 медаль еншілейді.
АҚШ-та америкалық футбол спорты танымал. Кәдуілгі футболға келетін жанкүйерлер саны көп емес. Есесіне баскетболдан NBA ойындарын көгілдір экраннан тамашалайтын көрермендер саны жетіп артылады.
2. Ресей
Рейтингте Ресей Федерациясы екінші орында тұр. Жақында ғана шешімі шыққан допинг дауы бұл елдің келер жылғы рейтингіне әсер етері даусыз.
3. Қытай
Аспан асты елі кейінгі жылдары Олимпиада, Азия Паралимпиада ойындары, Универсиада сынды ірі жарыстарды өткізді. Халықаралық жарыстарды ұйымдастырудан да қалыс қалмай келеді. Нәтижесінде үшінші орынды еншілеп отыр.
Қытайда халықтың көпшілігі жүгіру спорты және йогамен белсенді айналысады.
4. Германия
Статистика бойынша бұл елдегі 10 тұрғынның 8-де велосипед бар екен. Бұл көрсеткіш халықтың спортпен шұғылдану деңгейін көтереді. Одан өзге футболдан Германия құрамасының жетістігі жоғары. Олимпиада ойындарында да спортшылары үздіктер қатарында.
Бұл елдегі танымал спорт түрі - үлкен теннис. Әлемде теннис ұйымы ең көп мемлекет. Шамамен, екі миллионға жуық халық мүше ретінде тіркелген.
5. Франция
Футболдан Франция ұлттық құрамасы қазіргі таңда әлем чемпионы атағына ие. Регбиден де жетістігі жетерлік. Әлем чемпионатына қатыспай қалған кезі болған емес.
Альпі тауында сноубординг дамыған. Халықаралық деңгейдегі велосипед турнирі бар. Француз спортшылары Олимпиада ойындарынан қалыс қалған емес. 2024 жылғы жазғы Олимпиада Парижде өтеді.
Рейтингте Германия, Франция, Ұлыбритания және Аустралия 22 ұпаймен бір қатарда орналасқан. Ал Қазақстан ше?
Қазақстан 15 ұпаймен 54 пен 63-ші орындар арасына жайғасқан. Литва, Мысыр, Грузия, Алжир, Камерун, Уганда, Гана, Конго Демократиялық Республикасы және Буркина-Фасо елдерімен бір қатарда тұр.
Кувейт, Микронезия, Киривати және Маршалл аралдары көш соңына орналасқан. Толық рейтингті осы сілтемені басып көруге болады.
Н. Үсенова