- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Спорт тарихындағы ең...
Спорт тарихындағы ең мәрт спортшылар
2012 жылдың желтоқсан айында Испанияда жүлде қоры қомақты жүгіру жарысы өтіп жатты. Жарысқа әлемнің ең мықты деген желаяқтары қатысты. Дәл осы жарыста спорт тарихындағы ең әсерлі оқиғалардың бірі жанкүйердің көз алдында болып өтті.
Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері кениялық Абель Мутаи 3000 метрге жүгіруден алдына жан салмай, зымырап келе жатып, мәреге он метрдей қалған кезде жүгірісін баяулатып, тоқтай бастады.
Абель Мутаи мәре сызығынан өттім деп қате есептеп, тоқтап қалған болатын. Ал Испаниядағы жанкүйерлер Абельдің артынан екінші болып келе жатқан отандастары Иван Фернандес Анайяға кениялық желаяқтың қателігін ымдаса айтып, шуласып жатты. Дәл сол сәтте Иван Адельдің қателігін пайдаланып қалатынына ешкім де шәк келтірмеген еді.
Әйтсе де... Әйтсе де испаниялық желаяқ Абельге жете берген тұста, оны артынан итеріп, мәре сызығын нұсқай берді.
Осы тұста мына өмірде адалдық, шыншылдық деген қасиеттердің бар екенін сезініп, испаниялық желаяқтың мәрттігіне сүйсінген жанкүйерлердің көздеріне жас іркіліп те қалған болар.
Ал Иванның өзі жарыс аяқталған кезде: "Мен үшін жеңістен гөрі өз намысым қымбатырақ" деген екен...
Суреттегі қимылды кейбір БАҚ "Адалдық ишарасы" деп жазған болатын.
Cонымен қатар, кеше мароккалық «Раджа Касабланка» командасы клубтық әлем чемпионатының жартылай финалында бразилиялық «Атлетико Минейро» командасын 3-1 есебімен ұтты. Ойын аяқталысымен мароккалық футболшылар бірден Роналдиньоның жанына жиналды. «Раджа Касабланка» ойыншысы Роналдиньомен жейдесін алмастырса, қос мароккалық футболшы аяғындағы бутсысын естелікке алып, ойыншыға алғыстарын жеткізді. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген әйгілі теңбіл доп шебері алаңнан аяқ киімсіз шықты. Бұл да бразилиялық футболшының бір мәрттігінің көрінісі.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: vk.com, mistertube.com.br
Р. Роза