Солақай спортшылар жайлы не білеміз?

Кеше әлемде солақайлар мерекесі тойланды. Статистикаға сүйенсек, әлем халықтарының шамамен 10-12 пайызы солақайлар. Мәселен, әлемдегі әрбір жүз адамның біреуі ғана солақай болып туылады. Ғалымдар мұндай жандардан мықты спортшылар шығатынын да айтады. Тек бірқатар спорт түрлеріне солақайларға қатысуға болмайды. Оған биатлон спорты дәлел.

Солақай жандармен спортта сынға түсу оң қолы немесе аяғымен жұмыс жасайтындар үшін оңай емес. Ыңғайсыз қарсылас саналады. Сондықтан да спортшының бапкерлері шәкірттеріне солақай спортшылармен сынға түсер алдында арнайы әдіс-тәсілдер қолдануды үйретеді. Бүгін назарларыңызға әлемге танымал солақай спортшылар туралы ақпарат ұсынатын боламыз.

Футболда бапкерлер командасында үш немесе төрт футболшының солақай болғанын басты назарда ұстайды. Қарсыласқа ыңғайсыз болуымен қатар, сол қанатты мығым ұстауға да бұл ойыншылардың маңызы зор. Мәселен, ХХ ғасырдың ең үздік футболшысы атағына таласқан «футбол королі» Пеле мен әйгілі аргентиналық сұрмерген Диего Марадона да солақай болған. Бұлардың қатарына Йохан Кройффты да жатқызуға болады. Бүгінгі УЕФА президенті француз Мишель Платини де солақай. Ал ағылшынның әйгілі футболшысы Бобби Чарльтон да сол аяғымен допты тамаша ұстай білу артықшылығының арқасында қарсыластарын талай рет сан соқтырған. Руд Гуллит пен Марко ван Бастен, кезінде Кеңес Одағы құрамасының намысын қорғаған Олег Блохин мен Валерий Лобановский де солақай болған. Ал бүгінгі күннің солақай футболшылары кімдер дегенде, ең бірінші Лионель Месси ойға оралады. Аргентина мен каталондық «Барселона» командасының сұрмергені қақпа алдында сол аяғына ыңғайлы келген допты құр жібермейтінін қалың жұртшылық жақсы біледі. Бүгінде Мессиден де өзге командасын алға сүйреп жүрген солақай футболшылар бар. Енді соларды тізе отырайық.

Лукас Подольски

Арьен Роббен

Месут Озил

Хуан Мата

Давид Сильва

Анхель Ди Мария

Гаре Бэйл

Давид Алаба

Халк

Петр Чех

Робин ван Перси

Лейтон Бейнс


Ел футболында да солақай футболшылар жетерлік. Солардың бірі, премьер-лига тарихында ең көп гол соққан қостанайлық «Тобыл» командасының ойыншысы Нұрбол Жұмасқалиев. Командаластары Жұма (Жума) деп атайтын жерлесіміз ұлттық құрама сапында да сәтті өнер көрсетті.

Ел клубтары қатарында еурокубок додаларында ең көп өнер көрсеткен футболшылардың бірі – Марат Хайруллин. Бұл футболшы да сол аяғымен допты тамаша ұстайтын футболшылардың бірі.

Оңқайлар үшін, әсіресе, бокс, үлкен теннис және семсерлесу спорттарында солақайлармен түсіп қалу қиындау. Батырға оң терісінің айырмашылығы жоқ болған күннің өзінде, қарсыластың солақай болуы айтарлықтай қиындық тудыра алады.

Солақай боксшылар оңқай боксшыларға қарсы қарама-қарсы және ыңғайсыз қалыпта тұрып (стойка) жұдырықтасады. Олардың басты қаруы да – сол жақ дене бөлігінен соққы беру. Ол сәтте оңқай боксшы қорғанысты көбірек ойлайтын болса, есе жіберуі бек мүмкін. Бокста да танымал солақай саңлақтар жетерлік. Солардың бірі – 1996 жылы АҚШ-та Атланта жазғы Олимпиада ойындарында топ жарған жерлесіміз Василий Жиров.

Араға бір жыл сала кәсіпқой боксқа ауысқан «жолбарыс» 42 кездесу өткізіп, оның 38-інде жеңіске жетті. Біреуін тең аяқтаса, 3 жекпе-жекте жеңіліс тапқан. Соңғы кездесуін 2009 жылы өткізген отандасымыз қазіргі таңда АҚШ-тың Аризона штатында тұрады.

2012 жылы Лондон Олипиадасында топ жарған жерлесіміз Серік Сәпиев те сол қолымен өнер көрсетеді.

2008 жылы Пекинде өткен Олимпиадада көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шарықтатқан Бақыт Сәрсекбаев та солақай.

Солақай танымал боксшылардың бірі – оңтүстік америкалық Корри Сандерс. 2003 жылы WBO жүйесі бойынша әлем чемпионы үшін өткен жұдырықтасуда украиналық Владимир Кличконы нокаутқа жіберген болатын. Алайда, араға бір жыл сала інісі Виталий ағасының есесін қайтарған-ды.

Кәсіпқой бокста танымал өзбек Руслан Чагаев та сол қолымен жұдырықтасады.

Филиппиндік Мэнни Пакьяо да солақай. 35 жастағы боксшы 1995 жылдан бері кәсіпқой бокста бағын сынап келеді. Аз көлемдегі ақша үшін жекпе-жекке шықпайтын боксшылардың бірі.

Бокстағыдай үлкен теннисте де солақай қарсыластар ыңғайсыз саналады. Өйткені, олар көбіне қарсыластың әлсіз тұстарына қарай соққы жасайды. Бүгінгінің ең танымал солақай теннисшісі ол – Рафаэль Надаль. Ал шын мәнінде, испандық теннисші оңқай. Керісінше, өмірде солақай, ал корттағы ойында оңқай болып өнер көрсететін теннисшілер де бар. Олардың қатарына Дате Кимико мен Мария Шарапова енеді. Десе де ресейлік теннисші оңтайлы сәтінде екі қолмен де өнер көрсете алады.

Танымал солақай теннисшілердің бірі – Мартина Навратилова. 2006 жылы спорттағы мансабын аяқтаған ракетка ең көп жетістік шыңын бағындырған. Ол 167 жекелей турнирлерде топ жарса, 177 жарыста жұптық өнер көрсетумен жеңімпаз атанған.

Өзге спорт түрлерінде де танымал солақай спортшылар бар.

Леброн Джеймс, Баскетбол

Каролина Костнер, мәнерлеп сырғанау

Өткен ғасырларда кей қоғамда солақайлар қауымына деген теріс көзқарастар қалыптасқан. Бір кездері оларға сотта куәгерлік етуге де тыйым салған көрінеді. Оларды әзәзіл деп айыптаған. Психолог мамандар солақайлар ерекше күшті мінез бен қарымды шығармашылық потенциалға ие деп санайды. Ал зерттеу жүргізген ғалымдар солақайларды спортқа тез бейімделіп, меңгеріп кете алатын жандар деп бағалады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:rsport.ru, footballtop.ru