Шотландияда жергілікті футбол қауымдастығы 12 жасқа жетпеген балалардың допты баспен ойнауына тыйым салмақ. Себебі доптың соққысы жас жеткіншектердің миына айтарлықтай зиян келтіреді екен.
Жуырда Глазго университеті ғалымдары арнайы зерттеу жүргізген. Олар кәсбіи футболшылардың көбі мидың дегенерациялық дертінен көз жұматынын анықтаған. Мұндай нәтиже ел билігін алаңдатып отыр. Шенеуніктер мектеп басшылығына тыйым салу туралы ескертіп те үлгерген.
2016 жылы осы елдегі Стерлинг университетінің зерттеушілері допты баспен бірнеше рет ұрғанның өзі футболшылардың ми жұмысына зақым келтіріп, жадын нашарлатады деген қорытынды жасаған-ды. Допты баспен қатарынан 20 рет ұрғаннан кейін жадының қызметі 41%-дан 67%-ға дейін төмендейді де, бір күн ішінде қалпына келеді екен.
Зерттеушілер футболшының допты баспен бірнеше рет ұрғаннан соңғы зиянын тәжірибеге алған. Ал футболды тұрақты ойнайтындарда оның әсері қаншалықты күшті болатыны жайлы толық зерттей алмаған еді.
Айта кетейік, 2016 жылы АҚШ-та 11 жасқа дейінгі балаларға баспен ойнауға тыйым салған болатын.