Ішкі біріншіліктің көшбасшысы саналатын ақтөбеліктер Талдықорғанда есе жіберуге мәжбүр болды. Самат Сымақов, Жамбыл Көкеев, Ненад Иняц, Игорь Зенькович, Ринат Абдулин секілді ойыншылар жаңа команда сапындағы алғашқы ойындарын өткізді.
Қазақстан премьер-лигасы. 15-ші тур "Астана" - "Шахтер" - 1:0
Турдың басты ойыны. Қос командаға да жеңіс ауадай қажет-тұғын және қарсыластардың ыңғайына қарай жеңетін команданы тап басып айту қиын еді.
Бұл жолғы астаналықтардың негізгі құрамы бірнеше өзгеріспен толықтырылған-ды. Мәселен, Фокси Кетевоаның ұлттық құрамаға шақыртылуына, Виктор Дмитренконың екі ескертуі мен Сергей Остапенко, Таңат Нөсербаев секілді шабуылшылардың жарақаттарына байланысты бірқатар өзгеріс енгізілді. Ал "Шахтер" тараптан Жамбылдың орнын ("Қайрат" командасына ауысып кетті) "Ақжайықтың" және ішкі біріншіліктің сұрмерген шабуылшысы Игорь Зенькович келіп басты дегенмен, қарағандылықтардың бас жаттықтырушысы Виктор Кумыков беларусь ойыншысын қосалқы құрамда қалдыруды жөн көріпті. Әрине, осы арада екінші таймда шыққан ойыншымыздың өзін жақсы қырынан көрсете алмағаны айтылады.
"Шахтер" ойынның бітуіне таяған тұста, 82-минутта гол жіберіп алды. Филипп Ивановски қарсыластарын сан соқтырып кетті.
Осы бір жеңілістен кейін қонақтар турнир кестесінің бесінші орнына сырғыса, өз кезегінде, "Астана" ақтөбеліктердің Талдықорғанның жергілікті командасымен тең ойнауына байланысты, екі ұпай айырмашылығымен бірінші орынға таласуға мүмкіндік ала түсті.
Астана: Эрич, Коробкин, Нұрдәулетов, Қонысбаев (Пасичник 85), Цыгырлаш (Қуат 65), Бейсебеков, Кояшевич, Киров (Горячий 25), Шаяхметов, Зелао, Ивановски;
Шахтер: Мокин, Симчевич, Джидич, Василевич, Порываев, Хижниченко, Каньяс, Байжанов (Тарасов 79), Жанқылышбай (Лунин 67), Тәжімбетов (Зенькович 59), Финонченко;
"Тараз" - "Ордабасы" - 0:1
Оңтүстік дербидің матчы қай уақытта болмасын қызықты өтетін. Осы жолғы ойын баяу өтті. Бәрінен бұрын, жұрттың назары бір жарым жылдық келісімшартқа қол қойған Арно Пайперсте. "Таразды" алтылыққа алып барам деп нидерландық білікті маман күні бұрын сөз берген-ді. Және күні бұрын "Тараз" жақтың өкілдері де "Уәде - Құдай аты" екенін ескерте отырып, орындалмаған жағдайда келісімді бұзатындарын мәлімдеп үлгеріпті. Сол үшін де, алғашқы тізгін ұстау күнінен бастап голландық жаттықтырушыға жеңіс қажет еді. Алайда, бұл жолы емес секілді.
"Тараз" осы жолы да ұтылып, жеңілістер сериясын тоғыз ойынға ұзарта түсті. 15-ші турдың жеңісі қолда тұрғандай көрінгенмен, екі бірдей жақсы мүмкіндікті (Одита) мүлт жіберіп алды. Ол бір жағынан, екінші жағынан, шымкенттіктердің қақпашысы Самат Отарбаев қақпаға төнген қауіптерді дер кезінде қайтара білді.
Бір айта кетерлігі, "Ордабасы" да матч соңына дейін бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Бірінші ойын бөлігінде тиімді тұстан Азат Нұрғалиев олқылық танытқан болса, екінші бір тұста (екінші тайм) командалас әріптестері мүлт кетіп жатты. Соған қарамастан, "Жетісудан" аттай қалап алдырған Эдин Юнузович өз дегенін жүзеге асырып, жеңіс голын салып кетті. Осы тұста "Тараз" қорғаушысы Андрей Шабаев жарақат алып жатқанына қарамастан, қонақтар допты алаңнан шығармауды жөн көріп, бас қазы Ақмалхан Холматов ойынға араласпаған тұста, нәтижесінде алаң иелерін жерге қаратып кетті.
Сонымен, 15-ші турдан кейін "Тараз" командасының алтылыққа ену жолында жағдайы біршама мүшкілденді. Алтылықта тұрған "Ордабасы" жеті ұпайға ұзап кете барды.
Тараз: Цветков, Шабаев, Томич, Айтбаев, Нестеренко, Диакате, Д. Евстигнеев, Сергинеко (Эссомба 70), Қожамберді (Құдайберген 79), Лечич (Заречный 28) Одита;
Ордабасы: Отарбаев, Әлиев, Нұрғалиев (Сүйімбаев 79), Карпович, Әшірбеков (Ирисметов 70), Бейсенов, Левин, Адырбеков, Юнузович, Бабатунде (Төлебек 90+3), Арури;
"Ертіс" - "Ақжайық" - 3:1
Бұл күні қай команданың жеңіске жететіні және мерейі үстем болатыны турасында даусыз әңгімелер айтылып жатты. "Ақжайық" футболшылары қаржы тапшылығы салдарынан салдары суға кетіп жүргендерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Оның көрінісі ретінде, алғашқы қырық бес минуттық бітер тұста таблодағы есеп 0:2 деп тұрған болатын.
Үзілістен кейін Роман Багаутдиновтың қақпасына Дмитрий Шомко тағы бір доп тоғытты. Камерундық шабуылшы Саджо Хаман ойынның орта тұсында есеп айырмашылығын қысқарта алды.
Айта отырсақ, "Ақжайық" командасы ай аман, күн жарықта үш бірдей ойыншысынан көз жазып қалып отыр. Шырғалаңмен бас ауыртқысы келмеген Игорь Зенькович "Шахтердің" жейдесін киіп кетсе, қорғаушы Илья Воротников "Тараз" командасына ауысып, жас қақпашы Стас Покатилов Орал өңірінен ат тонын ала қашып, басқа жерден жұмыс іздеп жүрген көрінеді.
11-орында тұрақтап қалу арқылы клубта еш өзгеріс орын алмады. Ал "Ертіс" командасы үздік үштікке бір табан жақындай түсіп, турнир кестесінің төртінші сатысына орналасты.
Ертіс: Котляр, Чернышов, Кульчий (Мұхитдинов 62), Чичулин, Шабалин (Струков 74), Иванов, Шомко, Юрин, Халмуратов, Бегалин (Дәулетханов 71), Кучера;
Ақжайық: Бағаутдинов, Омаров, В. Покатилов, Хлебоун, Любимкин, Зотов, Коструб, Забродин, Шевцов (Хаиров 63), Черни (Саджо 81), Мальцев (Әбдрахманов 76);
"Жетісу" - "Ақтөбе" - 0:0
Ішкі біріншіліктің көшбасшысы саналатын ақтөбеліктер Талдықорғанда есе жіберуге мәжбүр. "Ақтөбе" ұтылады деген ой ешбір маманның басына келмесе керек-ті.
Бір жағынан, Өзбекстан құрамасына шақырту алған Александр Гейнрих, Тимур Кападзе мен жарақаты бар Марат Бекмаев секілді негізгі құрамның ойыншыларының жоқтығы бір хабар айттырса керек-ті. Алайда, дерек аты - дерек.
Қысқасы, ақтөбеліктер турнир аутсайдеріне қарсы тұра алмады. Тіпті, ойынның бітуіне таяған тұста жеңіліп те қалар ма еді, егер қарсы жақ өкілдері ұқыптылық танытқанда.
Сонымен, тең есеп те "Жетісу" командасын соңғы орыннан көтере алмақ емес. Ал "Ақтөбе" клубы турнир кестесінің бірінші орнында қала беріп, "Астанамен" арадағы ұпай айырмасы екі ұпайға қысқара түсті.
Жетісу: Цирин, Эсатов, Дәутов, Климавичус, Ерғашев, Джалович, Аверченко (Мужиков 90), Скорых, Тотай, Саломов, Перич;
Ақтөбе: Сидельников, Мулдаров, Харабара, Бадло, Мирошниченко, Хайруллин, Примус, Гридин (Лисенков 70), Арзуманян, Тағыберген, Ковальчук (Балтаев 90);
"Тобыл" - "Қайрат" - 2:3
Осы бір кездесудің соңы ойға қонымсыз болып кеткендей. Қостанайлықтар жеңіске лайықты еді, бірақ, ойын соңында тең есепке де жете алмай қалды. Әйтпесе, әр жолғыдай алаң ортасына иелік етіп, сәт сайын қысым көрсетіп, өткір шабылдарды толассыз ұйымдастыруын ұйымдастырып-ақ бақты. Алайда, ойын соңында соққыларына дәлдік жетіспей, сонысы үшін де саусақ тістелеп қала берді.
Түсініксіз ойын үлгісіне қарамастан, "Қайрат" осы маусымдағы сырт алаңдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Командаға жаңадан ауысып келген Жамбыл Көкеев те көзге түсе алды. Тағы бір жаңа ойыншылары Самат Смақов негізгі құрамда шыққан болса, қақпашы Давид Лория қосалқы құрамда қалды.
Көкеев пен Смақовтың клубтың ойын логикасына үйренісіп кете алмағандары көрініп тұрды. Есесіне, аталған білікті ойыншылардың "Қайратты" маусым біткенше күшті ұжымға айналдыратыны сезілетіндей.
Қостанайдағы үш ұпайдың арқасында алматылық клуб турнир кестесінің үшінші орнына барып жайғасты, ал қостанайлықтар жетінші орынға сырғыды.
Ендігі турда қостанайлықтар сырт алаңда "Ордабасымен" ойнайтын болады. Және егер сол жолы да Сергей Масленовтің командасы жеңіліс тауып жататын болса, онда алтылықтың квотасын ұмытуларына тура келеді.
Тобыл: Бекбаев, Джоннес, Шливич, Жұмасқалиев, Бугаев, Волков, Нұрғалиев, Красич, Әбішев (Байтана 46), Тонев (Куртиши 73), Андреев;
Қайрат: Рихард, Кислицын, Гурман (Шестаков 70), Михалик, Смақов, Кейлер, Дафф, Сақалбаев (Байжанов 60), Көкеев (Аддо 78), Кнежевич, Сиссей;
"Атырау" - "Восток" - 2:0
Черногориялық маман Миодраг Радулович көктемгі маусымаралықта "Атырау" командасында жаңа өзгерістер әкелген еді. Бас бапкер негізгі құрамнан орын тимеген соң, Аслан Дарабаев, Роман Пахолюк, Максим Жалмағамбетов, Виталий Головешкин мен Майк Антуан-Кюрье секілді ойыншыларды алып тастап, бос қалған орынға "Ордабасыдан" Ренат Абдулин, "Жетісудан" шабуылшы Алексей Щеткин, "Бежаниядан" серб Ненад Иняц, босниялық "Леотарадан" черногориялық жартылай қорғаушы Милош Стойчевтерді шақыртқан-ды.
Команда жейдесін киген ойыншылардың барлығы дерлік "Востокка" қарсы ойында өнер көрсетті. Иняц қоc голдың авторы атанып, "Атырауға" маңызды жеңісті әкелді. Атыраулықтардың алтыншы орынға көтерілуге (қазір турнир кестесінде 8-орында тұр) мүмкіндігі бар.
Жаңа ойыншы сатып алуға қаражаты жоқ "Восток" командасы чемпионаттың тоғызыншы орнын місе тұтып, ендігі таңда екінші алтылық ішінде күрес жүргізіп көреді.
Атырау: Плотников, Чуреев, Туторич, Абдулин, Самченко, Миланкович, Д. Родионов, А. Родионов, Данилюк (Стойчев 77), Щеткин (Татишев 88), Иняц (Пейкришвили 84);
Восток: Нестеренко (Бәйтереков 69), Раданфах, Нұрлыбаев, Санчез, Комарек, Мур, Әлиев (Соболев 56), Эрбес, Досмағамбетов (Удалов 72), Костюк, Оразбахтин;
* * * *
16-тур ойындары, 23 маусым, кездесетіндер: "Ақжайық" - "Қайрат", "Ордабасы" - "Тобыл", "Восток" - "Тараз", "Шахтер" - "Атырау", "Ақтөбе" - "Астана", "Ертіс" - "Жетісу".
Cурет: sports.kz
Дайындаған: Фараби Арыстанбек