УЕФА чемпиондар Лигасының 1/8 финалы аясында өткен Донецктің "Шахтері" мен Дортмундтың "Боруссиясы" арасындағы кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды.
Матчтағы алғашқы есепті 31-минутта "кеншілер" қатарынан Дарио Срна ашты. Ол 25 метр қашықтықтан айып добын шебер орындап, допты қақпаға тоғытты. Бірінші тайм аяқталуға 3 минут қалғанда Роберт Левандовский есепті теңестіріп кетті.
68-минутта "Шахтер" бапкерінің алаңға жасаған өзгерісі өз нәтижесін берді. Тайсонның орнына шыққан Дуглас Коста тамаша соғылған голымен командасын алға шығарды. Бірақ ойын аяқталарға үш-ақ минут қалғанда қонақтар жеңілістен құтылып үлгерді. Бұрыштан берілген допқа бірінші болып секірген Маттс Хуммельс допты қақпа торынан бір-ақ шығарды.
Сонымен қорытынды есеп 2:2 болып тіркелді. Қарымта ойын 5-наурызда Дортмундта өтеді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: sportdialog.ru