"Анжи" командасының шабуылшысы Это’О-ға Камерун футбол федерациясының (ФФК) өкілдері қысым жасаған көрінеді.
Это’О-ның айтуынша, өз еліндегі футбол ұйымдарының жемқорлығы турасында бүкіл шындықты жайып салғаны үшін оған қоқан-лоқы көрсетілген.
"ФФК өкілдері мені ұстап алғысы келеді. Олар мені өлтіріп тастаудан тайынбайды. Бүгінде оққағарлармен бірге өмір сүріп жатқан жайым бар. Біреуі жатын бөлмемнің кіре берісінде жатады. Бұл көрсеқызарлық емес, керісінше, өмірімнің қауіпсіздігі. Құрамадағы әріптестеріммен бірге мүлдем тамақтанбаймын. Өйткені, уланып қалудан қорқамын", - дейді Это’О.
Естеріңізге сала отырсақ, Камерун құрамасы Африка кубогінің финалдық бөлігіне шыға алмай қалған болатын. Кабо-Верде құрамасымен өткен екі кездесуде де есе жіберіп қойып еді.
Бұған дейін де Это’О ұлттық құрамадан уақытша аластатылған-ды. Сол тұста бір топ камерундық ойыншылар басшылықпен қаржы мәселесін шеше алмай, нәтижесінде қуылып кете жаздаған. Бәріне қарамастан, Кабо-Верде құрамасына қарсы ойында шақыртылып, негізгі құрамда шыққан-ды. Алайда, камерундықтар жеңілістен қашып құтыла алмады.
сурет:eurosport.ru
Дайындаған: Фараби Арыстанбек