«Алтын доп» иегерін анықтайтын Цюрихтегі салтанатты кешке Криштиану Роналду сүйіктісі Ирина Шейкпен келеді деп күтілген-ді. Себебі, футболшы жеке ұшағымен отбасы мен клуб мүшелерін, және модель құрбысын алып баратыны туралы екі күн бұрын испандық басылымдар жарыса жазған болатын.
2013 жылы португалдық футболшы «Алтын доп» иегерін анықтайтын кешке Ирина Шейкті ертіп келген еді. Онымен қоса, футболшының ұлы мен отбасы мүшелері де қонақта болған. Биыл әлем жұртшылығы таныған тұлғаның жанынан ресейлік модель көрінбеді.
Шетелдік ақпарат құралдары Ирина Шейктың салтанатты кешке келмеу себебін демалыста болуымен түсіндіріп отыр. Бір апта бұрын туған күнін тойлаған ару тропикалық аралға (қайда екені белгісіз) «қыдырып» кеткен. Роналдумен «Алтын доп» иегерін анықтайтын салтанатты кешке баруға құлқы болмаған. Тіпті, кей ақпарат құралдары екеуінің арасынан «қара мысық» жүгіріп өтті деп те мәлімдеуде. Бірақ, жаңа жыл мерекесін Ирина Шейк Роналду отбасымен қарсы алған көрінеді. Ал енді бір ақпарат құралдары, ресейлік модель өзінің атын шығару үшін бұл кешке келмей қойды деп бағалап отыр.
Криштиану Роналду мен Ирина Шейк арасындағы махаббат хикаясы - 2010 жылғы «Armani» жарнамасына түскеннен кейін өрбіген еді.
Сурет: livetv.sx