Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) 2017 жылға жеткізбей футбол «жұлдыздарынан» құралған ойын өткізуді жоспарлап отыр. Егер УЕФА-ның бұл жобасы іске асар болса қазіргі таңдағы әлемнің үздік ойыншылары Роналду мен Месси бір командада өнер көрсетуі бек мүмкін екен.
Испан басылымы «Mundo Deportivo» таратқан ақпаратқа сүйенер болсақ, УЕФА жаңа жобаның жүзеге асуына бар жағдайды жасап жатыр. Ойынға Еуропа чемпионаттарында үздік өнер көрсететін футболшылар шақыртылатын болады. Ал ойыншылар командаға өнер көрсететін клубтың географиялық жағдайына байланысты бөлінбек. Яғни, Еуропаның оңтүстігінде орналасқан елдердің ішкі біріншілігінен бір команда жасақталса, солтүстігінен бір команда жасақталатын болады. Солтүстік команданың намысын ағылшын премьер-лигасында, бундеслига мен Ресей біріншілігінде ойнайтын футболшылар құраса, оңтүстік Еуропаның намысын қорғайтын команда құрамына Испания примерасы, Италия, Франция және Португалия чемпионаттарында өнер көрсететін ойыншылар кіреді. Бір командаға бір клубтан 2-3 ойыншы ғана ойнай алады.
Жаңа жоба ережесі бойынша әлемнің үздік ойыншылары Роналду мен Месси оңтүстік еуропалық команданың қатарында өнер көрсетуі бек мүмкін. Футбол шенеуніктері бұл жобаны шоу үшін қолға алып отыр. Бір жағынан аз қаржы да түспейтіні рас. Қазіргі таңда УЕФА 2017 жылға бірінші ойынды өткізу үшін демеушілер мен жарнамалық келісімшарт құратын компанияларды іздестіруде. Сонымен қатар, арналарда тікелей көрсетілімнің мәселелері де қаралып жатыр екен.
«Mundo Deportivo» басылымы түзген құрам
Сурет: hr-hr.facebook.com