Лондондық «Челси» алдағы жазда мадридтік «Реал» мен Португалия құрамасының көшбасшысы Криштиану Роналдуды қатарларына қосуды жоспарлап отыр екен. Бұл туралы испан басылымы «AS» хабарлап отыр.
Испан басылымы таратқан ақпарат бойынша, үздік сұрмергенге «Челси» клубының иесі Роман Абрамович қызығушылық танытыпты. Ол футболшыны 100 миллион евроға сатып алуға дайын екен. Осыған дейін футболшының Лондонда өткен деректі фильмінің көрсетіліміне қазіргі «ақсүйектер» бапкері Жозе Моуринью да келген болатын. Кеш соңынан португалдық маман Роналдумен қайта бірге жұмыс жасауға қарсы емес екенін мәлімдеген-ді.
Бүгін испан басылымдары маусым соңынан «корольдік клуб» сапынан екі ойыншы кетеді деген де ақпарат таратты. Оның бірі – Криштиану Роналду болса, екіншісі – Карим Бензема.
Айта кетейік, Криштиану Роналду мен «Реал» арасындағы келісімшарт мерзімі 2018 жылы аяқталады. Қазіргі таңда португалдық сұрмергенге Францияның «ПСЖ», Англияның «Манчестер Сити» сынды клубтары қызығушылық білдіруде. Өткен маусымда шабуылшы корольдік клуб сапында 52 ойынға қатысып, 61 гол соқты.