Әйгілі футболшы Криштиану Роналду Ресейде өтіп жатқан Конфедерация кубогында Португалия құрамасының үшінші орын үшін өтетін ойынына қатыспайды. Шабуылшы егіз балаларын көруге асыққан.
Футболшы Португалия құрамасы финалға шыққанда қуана ойнайтынын жасырмаған. Бірақ Роналду бастаған жігіттер түнде өткен жартылай финалдағы кездесуде Чили құрамасына жол берді.
- Егіз балалаларымның дүниеге келгеніне қарамастан, Конфедерация кубогында ұлттық құраманың сәтті өнер көрсетуіне барымды салдым. Өкінішке орай, біз өз мақсатымызды орындай алмадық. Дегенмен әлі де португалдықтарға қуаныш сыйлайтынымызға сенімдіміз.
Ойыннан кейін Португалия футбол федеарциясының президенті мен құраманың бас жаттықытрушысы маған жантебірентер сөз айтты. Бұл ешқашан менің есімнен шықпайтын шығар. Ұлдарыммен бірінші рет кездесетініме өте қуаныштымын", - деді Роналду "Facebook" парақшасында жасаған мәлімдемесінде.
Криштиану Роналду егіз баланың әкесі атанғанын, оған балаларды суррогат ана босанып бергенін Португалияның SIC телеарнасы хабарлаған болатын. БАҚ мәліметі бойынша, 8 маусымда дүниеге келген ұл мен қызға Матео және Ева деген есімдер берілгені айтылған еді.
Айта кетейік, осыған дейін футболшының қазіргі сүйіктісі Джорджино Родригес те жүкті екені белгілі болған еді. Батыстық басылымдар мәліметі бойынша ол күзде қыз баланы дүниеге әкеледі екен.