- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Роналду байлығын кімге...
Роналду байлығын кімге қалдырады?
Әлемдегі ең бай футболшылардың бірі Криштиану Роналду жазатайым көз жұмған жағдайда жиған-тергенін кімге өсиеттеп кететіні белгілі болды.
AS басылымының мәліметінше, 34 жастағы футболшы Лиссабонда адвокаттармен кездесіп, өсиет қалдыру жөнінде ақылдасқан. Оған қоса құжаттардың егжей-тегжейін талқылаған. Роналдудың басты мұрагері оның жұбайы Джорджина Родригес болмақ. Ол мұраға қалған барлық байлықты тұтастай алады. Ал егер футболшы жазатайым жағдайда көз жұмса, оның мұрасын анасы өзінің бақылауында ұстайды.
Роналду мен Джорджина Родригес 2017 жылдан бері кездесіп, 2018 жылдың қазан айында ресми некеге отырды. Қазір екеуі төрт баланың ата-анасы.
Forbes-тің мәліметінше, Криштиану Роналдудың жиған-тергені шамамен $445-460 миллионды құрайды екен. Ол жылдық табысы жағынан әлемдегі үздік спортшылардың тізімінде тағы бір футболшы Лионель Мессиден кейін екінші орынға жайғасқан. Португалиялық футболшының жылдың табысы $109 миллионды құрайды. Оның ішінде $65 миллионын жалақысы мен сыйақысы құраса, жарнамадан $44 миллион табыс түседі екен.
Криштиану Роналду мансабын сонау 2002 жылы Португалияның "Спортинг" командасында бастаған. Одан кейін "Манчестер Юнайтед", "Реал Мадрид" және "Ювентус" клубтарында доп тепті. Португалияның құрамасының сапында 2017 жылы Ресейде өткен Конфедерация Кубогында және 2012 жылғы Еуропа чемпионатында қола алған. Ал 2004 жылы Еуропа чемпионатының финалына дейін жетіп, жеңіліс тапты. Көптен күткен алтын жүлдесін 2016 жылы Францияда өткен дүбірлі додада алды. Ал арада үш жыл өткенде Ұлттар лигасында топ жарды.
Жеке жүлделерінің ішінде "Алтын доптың" бес дүркін (2008, 2013, 2014, 2016, 2017) жеңімпазы екенін атап өтуге болады. Сондай-ақ ФИФА нұсқасы бойынша үш мәрте жылдың үздік ойыншысы (2008, 2016, 2017) атанды. Биыл да "Барселонаның" футболшысы Лионель Месси және "Ливерпульдің" ойыншысы Вирджил ван Дейкпен бірге осы жүлдеге таласып көреді.
А. Рысдәулет