5 қараша күні 2002 жылғы әлем чемпионы атанған Бразилия ұлттық құрамасының футболшысы Роналдиньо жол апатына ұшырады. Оқиға "Атлетико Минейроның" жартылай қорғаушысы өзінің көлігімен командалық жаттығуға бара жатқанда орын алған. Тек үш көлік апатқа түскен. Роналдиньо тек жеңіл жарақат алған, ал басқа бір жүргізуші ауыр жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Ал дер кезінде оқиға орнына жеткен Роналдиньоның клубтасы Жо оны өз көлігімен алып кеткен.
"Әзірге бұл оқиғаға кімнің кінәлі екені белгісіз. Жол апатының толық мән-жайы тексеріс жұмыстарынан кейін анықталатын болады",-дейді жол полициясының өкілдері.
Естеріңізде болса, 2012 жылы Роналдиньо "Фламенго" бразилиялық клубынан "Атлетико Минейро" клубына алты айлық келісім-шартпен өткен болатын. Жартылай қорғаушы жаңа команда сапында жеті гол соққан. Егер футболшының денсаулығы қалпында болса, ол жексенбілік ойында Куритибаға қарсы ойнау үшін алаңға шығады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: vesti.kz