Роберто Манчини қызметінен босатылды

Роберто Манчини қызметінен босатылды

"Манчестер Сити" Роберто Манчинидің бас бапкер қызметінен босатылғаны жайлы ресми түрде хабарлады. Италиялық маманды кім алмастыратыны жайлы әзірге ешқандай ақпарат жоқ.

Чемпиондар Лигасында жолы болмаған және Премьер-Лиганың чемпиондық титулын сақтап қала алмаған Манчини өткен аптаның соңында тағы да сәтсіздікке ұшырады. "Қалалықтар" Англия Кубогының финалында "Уиганға" жеңіліп қалды (0:1). 

Клубтың ресми мәлімдесінде Манчини "Чемпиондар Лигасының келесі маусымына жолдама алғаннан басқа, ағымдағы маусымға қойылған мақсаттардың ешбірін орындай алмады" делінген. 

Манчини "Ситидің" бас бапкері қызметінде үш жарым жыл еңбек етті. Ол 2011 жылдың мамыр айында Англия Кубогін жеңіп алып, клубтың 35 жылдық трофейсіз өмірін тоқтатты. 12 айдан соң "қалалықтар" 44 жыл өте Англия чемпионы атанды. 

Ағымдағы маусымның соңғы екі кездесуінде бас бапкер міндетін Роберто Манчинидің көмекші ретінде қызмет атқарған Брайан Кидд орындайтын болады. 

Айта кетсек, енді 48 жастағы италиялық орнын "Малағалық" Мануэль Пеллегрини басады деген сыбыс бар. Алайда, жуырда чилилік маман бірде-бір клубпен келісімнің болмағанын айтқан болатын. 

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: eurosport.ru

Ж. FM