Бразилия ұлттық құрамасының қорғаушысы Роберто Карлос 1997 жылы жолдастық кездесу кезінде Франция құрамасына соққан әйгілі голының құпиясын ашты. Бұл гол спорт жанкүйерлері мен сарапшыларын әлі күнге дейін таңдандырып келеді. Футболшының айып соққысынан қия тепкен добы қорғаныста тұрған ойыншылардан өтіп, қақпа бағанын жанай барып кірген еді. Қақпашы Фабьен Бартез допты қайтара алмаған еді. - Доп шынымен қақпадан қиыс кетіп бара жатқан. Желдің әсерінен қақпаға қарай бағыт алды. Бұл футболдағы бір ғажайып деп бағалауға болады, - деп айтты футболшы L'Equipe басылымына берген сұхбатында. Бразилиялық футболшы 20 жылдан кейін барып қана осы голы жайлы сөз қозғады. Маусым айында Роберто Карлос жаттығудағы еңбегінің нәтижесінде осындай гол соққанын айтқан болатын. 2010 жылы бір топ сарапшылар осы голдың қалай соғылғаны жайлы арнайы зерттеу жүргізген еді. Нәтижесінде олар футболшы допты қия тебу арқылы бағытын бағамдай білген деген тоқтамға келген-ді. Ал сол жылы француз зерттеушілері доптың ұшу бағытын анықтауға арнайы формула жасап, бұл голды футболшы асқан шеберлігінің арқасында соққан деген тұжырым жасаған болатын.