Риода паралимпиадашылар Олимпиада жүлдегерлерінен жылдам жүгірді (видео)

Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан XV Паралимпиада ойындарында 1500 метрге жүгіруден әлем рекорды (Паралимпиада) жаңарды. Алжирлік Абделлатиф Бака бұл қашықтықты 3:48,29 минутта бағындырды.

Риодағы додада көз жанары нашар көретін паралимпиадашылар Олимпиада чемпиондарынан жылдам жүгірді. Бір ай бұрын Олимп шыңынан көрінген америкалық Мэттью Центровиц 1500 метрді финалдық кезеңде 3 минут 50 секундта жүгіріп өтсе, Паралимпиадада төртінші орын алған алжирлік Фуад Баканың (Паралимпиада чемпионының ағасы) көрсеткішінің өзі Олимпиада чемпионынан жоғары тұр. Ол мәреге 3:49,59 минутта келген.

Күміс медаль эфиопиялық Тамир Демиссеге (3:48,49), қола медальды кениялық Генри Кирва (3:49,59) иеленді.

Айта кетейік, 1500 метрге жүгіруден Олимпиада чемпионы атанған америкалық Мэттью Центровиц іріктеу кезеңінде бұл қашықтықты 3:39,61 минутта жүгіріп өтіп, финалға үшінші нәтижемен шыққан болатын. 

Паралимпиада ойындары (параолимпиада ойындары) — мүгедектер (есту бойынша мүгедектерден басқа) үшін арналған халықаралық спорттық жарыс. Дәстүр бойынша басты Олимпиада ойындарынан кейін өткізіледі. 1992 жылдан бастап Олимпиада ойындары өткізілген қалада паралимпиада ойындары да өткізіледі, ал 2001 жылы бұл тәжірибе ХОК және Халықаралық паралимпиада комитеті (ХПК) арасындағы келісім шартпен бекітілген. Жазғы Паралимпиада ойындары 1960 жылдан, ал қысқы Паралимпиада ойындары — 1976 жылдан бастап өткізіледі.