Бразилияда өткен Әлем чемпионатына жолы түспеген Франция құрамасының жартылай қорғаушысы Франк Риберидің соңғы ойындарда сақалын өсіріп алаңда өнер көрсетіп жүргенін жанкүйер қауымның көзі шалып жүр. Футболшының жаңа сақал қою стилі тілшілер тарапынан да қызығушылық тудырған көрінеді. Ал өз кезегінде мюнхендік «Баварияның» ойыншысы сақал өсіруінің себебін әйелімен байланыстырды.
Клубтың ресми сайтында жарияланған мәлімет бойынша, Франк Рибери қырынып, өзге стильде алаңға шыққысы келеді. Бірақ, әйелі Вахиба мұны қаламайды екен.
- Әйеліме осы түрім қатты ұнайды. Менің қырынғым-ақ келеді, бірақ әйелім қаламайды. Сол үшін өсіріп жүрмін. Екеуміздің арамызда сақал үшін үлкен күрес жүруде. Ал жарақатымнан айығып келемін. Енді маған бұрынғы қалпыма келу үшін аздап жылдамдық пен сезімталдық керек, - деген футболшы.
Естеріңізге сала кетсек, жақында ғана аяқталған «Телеком» кубогында «Бавария» жеңімпаз атанып, Рибери үздік өнер көрсеткен болатын.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: yarportal.ru