- Негізгі бет
- Бұл қызық
- "Реалда" Роналдудың орнын...
"Реалда" Роналдудың орнын Неймар баса ма?
"Реал" футбол клубының президенті Флорентино Перес бразилиялық футболшы Неймарды өз командасында көргісі келеді. Бұл туралы испан басылымы Mundo Deportivo хабарлады.
Неймар "Сантостан" кетер кезде ойыншыға "Барселона" мен "Реал" талас жүргізген еді. Шабуылшы каталондық клубты таңдаған-ды. Ал осы жазда бразилиялық Париждің ПСЖ командасына ауысты. Футбол тарихындағы ең қымбатқа бағаланған футболшы ретінде рекорд жаңартты. Нәтижесінде жаңа командасымен 2022 жылға дейін келісімшартқа қол қойды.
"Реал" командасының басшысы Роналдудың орнын Неймар басқанын қалайды екен. Португалиялық футболшы мен клуб арасындағы келісімшарт мерзімі 2021 жылы аяқталады. Испандық клуб оған дейін-ақ Неймарды өз қатарларынан көргісі келеді.
Кей бейресми деректер бойынша корольдік клубтың президенті футболшының әкесімен кездескен. Ұлы ПСЖ-дан өзге клубқа ауысатындай жағдай туса, "Реалды" таңдау ұсынысын жасаған.
Париждік команда Неймарды сатуға құлықты емес. Клуб президенті Нассер Аль-Хелаифи қызметкерлеріне бразилиялықтың бар жағдайын жасауға тапсырма берген.
Бразилиялық футболшыны командаластары жылы қарсы алған жоқ. Себебі ПСЖ ойыншыларына Неймардың командаға қойған талабы ұнамады. Мәселен бразилиялықтың жеке өзіне екі физиотерапевт маманы бөлінген. Команда ойыншыларына жаттығу кезінде Неймарға қарсы дөрекі ойнауға болмайтыны ескертілген. Ал футболшы командалық қорғаныс жаттығуына қатыспайды. Сондай-ақ маусым соңына дейін пенальти тебетін болады. Командаластары арасында ПСЖ клубының танымбелгісі жоқ сөмке ұстауға рұқсат берілген жалғыз ойыншы.
Таяуда ғана батыстық басылымдар бразилиялық футболшының "Барселонадан" кеткеніне өкініп жүргені жайлы жазған еді.
О. Сансызбай