Мадридтік «Реалдың» 2012-2013 жылғы маусымда сүреңсіз ойын өрнегін көрсеткенін футбол сүйер қауым жақсы біледі. 3 жыл бойы корольдік клубты жаттықтырған португалдық маман Жозе Моуринью өз орнын босатады.
Ал Жозе бапкердің орнына кім келеді деген сұраққа жауап іздер болсақ, испандық Marca басылымы Карло Анчелотти бас бапкер болады деген хабар таратуда. Сонымен мадридтік клубтың бапкерінің есімі 3 маусымда белгілі болатын болды.
Атақты португалдық маманның келесі маусымда «Челси» тізгінін ұстауы мүмкін деген де ақпараттар бар. Ал өз кезегінде аталған маманның корольдік клубқа сіңірген еңбегіне тоқтала кетсек: «Реал» Король кубогын, Испания чемпионатын және суперкубогын иеленді. Үш рет Чемпиондар лигасының жартылай финалына жетті.
Жозе Моуринью «Реал» тізгініндегі соңғы ойынын 1 маусым күні «Осасунаға» қарсы өткізетін болады. Ал келесі күні команда президентінің сайлауы өтеді. Әзірге басты үміткер – команда президенті Флорентино Перес саналады.
Карло Анчелотти 2011 жылдан бері «ПСЖ» тізгінін ұстап келе жатыр. Биыл париждік команда керемет ойын өрнегін көрсетіп, ел чемпионы атанды. Чемпиондар лигасында ширек финалға дейін аяқ басты. Білікті маман бұған дейін де «Челси» мен «Ювентус», «Милан», «Парма» және «Реджина» клубтарын жаттықтырып келген-ді.
сурет: eurosport.ru
Дайындаған: Фараби Бақыт