"Манчестер Юнайтедтің" ардагер футболшысы Райан Гиггз жаңа маусымнан бастап ойыншылық және бас бапкер Дэвид Мойестің көмекшісі қызметін қатар алып жүрмек.
Ал алдағы маусымнан бастап Гиггз УЕФА лицензиясын алмақшы. Әзірге ол клуб қатарында футболшы болып та, сондай-ақ жаңа бапкердің көмекшісі болып та қызмет атқармақ.
"Райанның ойыншы бапкер қызметіне кіріскеніне қуаныштымын,-дейді Мойес. - Оның клубпен бірге жеткен жетістіктері мен өзіне ғана тән шеберлігі Гиггзтің алдында үлкен бапкерлік мансап жолын ашады деп сенемін. Оның ойыншылық мансабы - кез келген футболшы үшін ұмтылуға тұратын мысал. Райанның клубқа жаңа қызметпен келуі "Манчестер Юнайтедтің" жаңа жетістіктерге жетуіне сеп болады деп сенемін".
"Ойыншы бапкер атану - бұл маған берілген үлкен мүмкіндік. "Манчестер Юнайтедте" ойнаған бірнеше жылдық тәжірибем клубқа пайдасын әкеледі деп ойлаймын. Соңғы кезде қарқынымды біршама төмендеткенім рас, алайда мен енді жаңа мансабымдағы алғашқы нық қадамдарды жасағым келеді. Дэвидтің көмекшісі болып клубпен жұмыс жасауды асыға күтемін",-дейді Гиггз.
Райан Гиггз осы күнге дейін "Манчестер Юнайтед" қатарында мыңға жуық ойын өткізіп, 170 гол соға алған екен.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: wikidigger.ru