Football Italia басылымының жазуынша, кеше бейсенбі күні Рафаэль Бенитестің агенті "Наполи" футбол клубының басшылығымен кездесіпті. Кездесу барысында испандық маманның клубпен келісімі жөнінде әңгіме қозғалған.
Бенитес "Наполимен" екі жылдық келісім-шарт жасаспақ. Егер маманның жұмысы өрге басып жатса, келісім-шарт тағы бір жылға созылуы мүмкін. Ал Рафаның жылдық жалақысы қосымша бонустарды қоспағанда 3,2 миллион еуроны құрайтын болады.
Бенитес осы маусымда "Челсиді" жаттықтырып, командаға Еуропа Лигасының кубогын алып берді. Сондай-ақ оның басшылығындағы клуб ағылшын біріншілігінде үшінші орынды иеленіп, чемпиондар Лигасына жолдама алды.
Жалпы Бенитестің Италияда жұмыс тәжірибесі жоқ емес. Ол 2010 жылы "Интердің" бапкері Жозе Моуриньюдің орнын басқан еді. Бірақ кейін жарты жыл өткеннен кейін отставкаға кетуге мәжбүр болды.
Ал маусым қорытындысы бойынша "Наполи" чемпиондар Лигасына жолдама алып қойды.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: dynamo.kiev.ua