Биылғы маусымнан бастап "Монако" футбол клубының ойыншысы атанған Радамель Фалькао өзінің дәл осы ұжымды таңдағанына еш өкінбейтінін және сыншылардың көбі болашақта өз сөздерін қайтып алатындықтарын айтты.
Маусым аяқталысымен әлемнің ең үздік шабуылшыларының бірі 27 жасар колумбиялық Испанияның "Атлетико" клубынан "Монакоға" ауысып келген болатын. Ал "Монако" өз кезегінде Францияның 1 Лигасына биыл ғана оралғандықтан, көпшілік мамандар Фалькаоның бұл шешімін құп көрмей, оны ақшаға бола осындай қадамға барды деп айыптаған еді.
"Біздің мақсатымыз айқын - мүмкін болған жарыстардың барлығында да топ жару,-дейді Фалькао. - "Монако" сияқты клубта ойнау әр футболшының арманы. Менің осы клубты таңдауыма "Монакомен" талай жеңістерге жетуге болатындығы жөніндегі сенімім себеп болды. Сондықтан "Монакоға" ауысқаныма еш өкінбеймін. Көп адамдар мені қателесті деп ойлайтыны анық. Бірақ, біз әр жарыста жүлделер атанып жатсақ, олардың ойы өзгерері анық".
"Менің мақсатым "Монако" чемпион атану үшін қанша гол керек болса, соншасын салу. Осы айтқандарым жүзеге асып жатса мен бақыттымын",-дейді форвард.
Сондай-ақ колумбиялық ойыншы өзімен бірге бір клубта Эрик Абидаль мен Жереми Тулалан сияқты ойыншалардың ойнайтындығына да оң пікірін білдіре кетті.
"Абидаль мен Тулаланмен ойнайтыныма өте қуаныштымын. Олар мол тәжірибесі бар керемет футболшылар. Олар команданың ойынына үлкен пайда әкелетіні даусыз",-дейді Фалькао.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: sports.ru