"ПСЖ" Анчелоттиді "Реалға" жіберуге келісті

Француздық "Пари Сен-Жермен" клубының бас бапкері Карло Анчелотти жақын күндері мадридтік "Реал" тізгінін ұстайды.  

Осыдан біраз уақыт бұрын "ПСЖ" президенті Насер Аль-Хелаифи бас бапкерді "корольдік клубқа" жіберуден бас тартқан еді. Сол кезде тіпті Анчелотти өз трансферінің жартысын төлеуге дайын екенін де айтқан болатын. 

Енді испандық Marca басылымының хабарлауынша, екі жақ келіссөз барысында біраз жетістікке жеткен көрінеді. Алдағы уақытта итальяндық маман Мадридке аттанбақ. Екі жақтың келісімге келуіне "Реал" бас менеджері Хосе Анхель Санчестің Катарда үш күн болып, сол жақта париждіктердің қожайынымен кездесуі түрткі болған екен.  

Сонымен барлық құжаттарға бүгін қол қойылады деп күтілуде. Осы процесс аяқталысымен Анчелотти ресми түрде "Реалдың" бас жаттықтырушысы атанбақ. Осы орайда айта кетейік, уақытынан бұрын бұзылған келісім салдарынан париждіктерге төленетін 4 миллион еуроны Анчелотти емес, "Реал" өз мойнына алыпты. 

Басылымның хабарлауынша, итальяндықтың "Реалдағы" жалақысы экс-бапкер Жозе Моуриньюдікінен (жылына 14 миллион еуро) аз болады екен. Ал Анчелотти "ПСЖ" клубында жылына 12 миллион еуро жалақы алған еді. 

Алайда Анчелотти орнына келетін маманның кім екені әлі белгісіз болып отыр. Осыған дейін бұл орынға "Анжи" бапкері Гус Хиддинк келуі мүмкін деген сыбыстар болған еді. Алайда Хиддинк махачкалалық клубпен жаңа келісімге отырған. Одан бөлек, үміткерлер ретінде "Суонси" бапкері Микаэль Лаудруп мен "Тоттенхэм" жаттықтырушысы Андре Виллаш-Боаштың аттары аталған болатын. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sport.nur.kz