Өз жүлдесінен бас тартқан үндістандық боксшы қыз жазаланды

Халықаралық әуесқой бокс федерациясы (AIBA) Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында өз жүлдесін алудан бас тартқан үндістандық боксшы қызды бір жыл спорттан шектеді. Сонымен қатар, ақшалай айыппұл салды.

Әйелдер арасындағы бокста Сарита Деви 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Жартылай финалда жарысты ұйымдастырушы ел Оңтүстік Корея спортшысы Жи На Пактан ұтылып қалған-ды. Бірақ ол төрешілердің шешіміне қарсылық білдіріп, марапаттау кезінде медальді мойнына ілуден бас тартқан. Кейіннен ол қолындағы қола жүлдені Жи На Паркке сыйлап, өз наразылығын жасыра алмаған еді. Нәтижесінде Сарита Девидің жүлдесі Үндістан бокс қауымдастығына тапсырылған.

Халықаралық әуесқой бокс федерациясы (AIBA) боксшы қызды өмір бойына спорттан шектемек те болған екен. Алайда, Сарита Деви төрешілер шешіміне танытқан наразылығынан кейін кешірім сұраған.

Сонымен қатар, үндістандық былғары қолғап шебері AIBA шешіміне разы екенін де мәлімдепті. Алдағы уақытта спортшы айыппұл ретінде 1 000 швейцар франкін төлейтін болады. 

Сурет:allboxing.ru