Неймар "Сантостан" кетуге дайын

Неймар "Сантостан" кетуге дайын

"Сантостың" вице-президенті Одилио Родригес шабуылшы Неймардың клубпен келісімді ұзартқысы келмейтінін хабарлады. Осыған дейін де әлемдік спорттық БАҚ осы бір бразилиялық талантты Еуропаның қай клубына апарып, алып келмеді десеңізші... Бірақ, Неймар осы күнге дейін өзінің туған "Сантос" клубына деген сенімділігін дәлелдеп келді. Бірақ, ақыры БАҚ сөзі шындыққа айналып отыр.

Оған дәлел клуб вице-президентінің жақында ғана айтқан сөзі. Дәлірек айтсақ, ол: "Неймар жақында бізге клубпен келісім-шартын ұзартпайтынын айтты. Себебі оның мерзімі осы жылдың жаз айында аяқталады",-деп мәлімдеді.

Бір айта кетерлігі, ойыншынының келісім шарты аяқталып жатса, ол бос агентке айналады. Сол себепті клуб одан соқыр тиын да пайда таппайды. Сондықтан "Сантос" өз талантын қазір сатпақшы. Құда түсіп отырған еуропалық клубтар да аз емес. БАҚ олардың ішінде ""Барселонаның" шоқтығы биік тұр" дегенді айтады. Каталониялық клуб та осыған дейін "Неймар босап жатса, бірінші боп біз келісім ұсынуға дайынбыз" дегенді айтқан болатын. 

Не десекте, алдағы жаз айында Неймар еуропалық клубтың біріне ауыспақ. Transfermarkt агенттігі оның бағасын 50 миллион еуроға шамалап отыр.      

 

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: live-football.ru  

Б. Қосмағамбет