Бразилиялық “Сантос” командасының 20 жастағы шабуылшысы Неймар футбол тарихындағы 20 миллион еуродан жоғары табыс тапқан бесінші футболшы атанды.
Бразилиялық басылымдардың айтуынша, 2012 жылы шабуылшы 22,5 миллон еуро көлемінде табыс тапқан. Пайданың басым көпшілігін Неймар жарнамалық роликтерден түсірген. Ол бүгінде Unilever, Red Bull, Panasonic, Nike және Banco Santander сынды компаниялардың жарнамаларына үнемі түсіп тұрады.
Сондай-ақ, жылдық табысы 20 миллион еуродан асқан футболшылардың қатарына “Анжи” шабуылшысы Самюэль Это’О, “Реал” шабуылшысы Криштиану Роналду, “Барселона” шабуылшысы Лионель Месси және уақытша жұмыссыз жүрген Дэвид Бекхэм енген екен.
Айта кетейік, Неймар “Сантос” сапында 2009 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақытқа дейін шабуылшы 102 кездесу өткізіп, 54 голдың авторы атанған. Ал Бразилия құрамасының сапында 27 кездесуде 18 мәрте нәтижелі соққысымен көзге түскен.
Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ
Сурет:lifesports.ru