Неймар UFC-ге қатысатын спортшыны оққағар ретінде жалдады

"Барселонадан" Париждің "ПСЖ" командасына ауысқан бразилиялық шабуылшы Неймар жеке басының қауіпсіздігін күшейту мақсатында оққағар жалдады. Футболшы UFC-де бақ сынап жүрген ережесіз жекпе-жек шебері Нордин Талебке сенім артыпты.

Бразилиялық шабуылшының оққағар жалдауына себеп те бар. Өйткені каталондық клубтан ауысқан ойыншыны сынға алып, қоқан-лоққы көрсеткісі келетін қызба жанкүйерлер баршылық. Одан өзге әлемдегі ең қымбат футболшы ретінде атағы аспандай түскені тағы бар.

33 жастағы Нордин Талеб UFC-де 7 жекпе-жек өткізген. Оның 5-де жеңіске жеткен. Францияда тұратын тегі алжирлік спортшы. Қазіргі таңда ол Неймардың жанынан бір елі қалмай, қауіпсіздігін бақылап жүр. Оны футболшымен бір қатарда түскен суреттерінен байқауға болады.