Бокс десе ішер асын жерге қоятын жанкүйерлер Назым Қызайбайды жақсы біледі.
16 жасында Қазақстан чемпионы атанып, 21 жасында әлемді мойындатқан қаршадай қыз енді Олимп шыңын бағындырсам деп армандайды, деп жазады khabar.kz.
Енді Назым Қызайбай есімі Қазақ спортының тарихында алтын әріппен сақталары сөзсіз. Өйткені ол - қыздар арасынан Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ. Қаршадайынан спортқа аңсары ауған талапты қыздың алғашында талантын тани білген тәлімгері Жұмабек Қалмырзаев болатын.
Жұмабек Қалмырзаев, Назымның жеке бапкері:
- Интернатта бізде дарынды балалар деп сырттан дайын болып келген балаларды алуға тырысады. Ал мен ойлаймын, дарынды бала деген дарынды болса, сол 0-ден бастасаң, бұл өзіңе де жақсы. Ештеңесін өзгертпейсің. Сонда алып келді, сол жерде көрдім де қабылдадым. Бірінші жолы алты қыз қабылданды. Алтауы да жақсы болды. Ішінде ең жоғары биікке жеткені - Назым.
Білікті бапкер шәкіртінің шеберлігін шыңдап, талантын ұштай білді. Ал ер мінезді Назым еңбек етуден еш жалыққан жоқ. Ерінбей еңбек еткен қызға бақыт та басын иді. Қарсы келгендерді бет қаратпай ұта бастаған Қызайбай қызы небәрі 16 жасында Қазақстан чемпионы атанды.
Назым Қызайбай, бокстан әлем чемпионы:
- Әйелдер боксының бар екенін білген жоқпын. Боксқа келгеннің өзінде де осынша құрама команда бар екенін білген жоқпын. Шаңырақтағы спорт школаға түскеннен кейін жаттығуды бастадық. Қазақстан чемпионатына дайындалдық. Алматы қаласының қыздары барлығы жиналып, тренировка істейтін болды да, сол кезде бізде сонша қыз бар екеніне деп таң қалдым.
Баста былғары қолғаптың не екенін білмеген Назым Қызайбай осы бір спорт түрінен жарыстарға қатысам деп ойламаған. Уақыт өте келе қазақ қызының боксқа деген қызығушылығы арта түсті. Қазіргі таңда шаршы алаңға шықпаса, шүмектеп тер төкпесе, көңілі көншімейді.
Назым Қызайбай, бокстан әлем чемпионы:
- Басында жай ғана өзім үшін қатысқым келді. Уақыт өте Қазақстанда ұтқаннан кейін әлемдік деңгейге шығып, сол жақта ұтсам екен деп ниеттендім. Өзіміз үшін, жеріміз үшін дегендей.
2012-ші жылы Қытайда өткен дүниежүзілік жарыста қола медальға қол жеткізіп, екі жылдан соң Кореяның Шеджу қаласында әлем мықтысы атанған қазақ қызының қазіргі арманы - Олимп шыңына көк туымызды көтеру. Ендеше бір жылдан кейін Бразилия жерінде Назым Қызайбайдың бағы мен бабы қатар шапсын деп тілейік.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Дархан Айтқазин
сурет: vesti.kz