- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Нағыз ерлерге арналған...
Нағыз ерлерге арналған спорт түрлері
Бабаларымыз "Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес" дейді. Нағыз ер жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болса керек-ті. Білек күші мен білім-білігі сай келген азаматтар қай салада да қара үзіп шығары анық. Ер жігіттің мықтылығы сыналар доданың бірі - спорт. Спортты серік еткен саңлақтар намыс жолында жанын беруге әзір. Жүрек жұтқан жігерлі жігіттер спорттың қандай түрі болмасын жеңіске жетуді ойлайды. Олар үшін таңдағын спорт түрінің қиындығы һәм қауіптілігі маңызды емес. Осы орайда әлемдегі ең қауіпті спорт түрлері туралы айтып өтпекпіз.
Түйе үстінен секіру (Йемен)
Біздегі "құласаң нардан құла" деген аталы сөзді, йемендіктер "секірсең түйеден секір" деп бұрып алған секілді. Өзіңіз ойлап қараңызшы, түйе бойының ұзындығы орта есеппен 180 сантиметр екен. Ара-арасында, 2 метрді құрайтын түйелер де жоқ емес. Ал мына йемен жігіті үш түйені қатар қойып, үстінен еркін "аттап" бара жатыр.
Балға лақтыру (Шотландия)
Балға дегенге, шеге қағатын қарапайым балға деп ойлап қалмаңыз. Ойын шарты бойынша, шамамен, 10 келілік кір тасын 70-80 метр ұзақттыққа лақтыруыңыз қажет. Егер, лақтыра алмасаңыз, бұл спорт сізге арналмаған болар.
Діңгек лақтыру (Шотландия)
Ал егер, "10 келілік кір тасын лақтыру" маған сөз емес десеңіз, шотландықтар бұның жолын қарастырып қойған екен. Ендеше, бағыңызды діңгек лақтыру спорттық ойынынан сынап көріңіз. Иә, бұл ойында қолыңызға ұзындығы - 6 метр, салмағы - 90-100 келіні құрайтын ағаш діңгекті аласыз да, жүгіріп келіп, аспанға "атасыз". Ойын шарты бойынша, аспанға лақтырылған діңгек ауада бір айналып барып, "етпетінен" құлауы тиіс.
Онабашира (Жапония)
Ал жапондар болса, шотландықтар аспанға атқан діңгекті "ерттеп мініп" алыпты. Алты жылда бір ұйымдастырылатын бұл ойын - спорттан гөрі фестивалға көп ұқсайды. Мұнда 200-ді еңсерген қарт қарағайды кесіп, еріктілер арт артына "міңгесіп" алып, таудан төмен қарай құлдилайды. Кез-келген уақытта қарағайдын "ауып түсіп" немесе бастырылып қалуыңыз мүмкін. Бұл ойынның қауіптілігі де сол, сіздің өміріңізге ешкім кепілдік бере алмайды.
Көкпар тарту (Қазақстан)
Бес жасынан ат үстінде өскен қазақ баласына көкпар жайлы бірдеме деп түсіндіріп жатудың өзі артық шығар. Көкпар - қанмен беріліп, сүтпен сіңген ата-дәстүріміз. Бір қызығы, бабамыздан қалған асыл аманатымыз әлемдегі қауіпті ойындар қатарында да бас көтеріп тұр екен. Иә, бізге діңгекті "ерттеп мініп" таудан құлдилағаннан гөрі, ат жалын тартып өрге шабу әлдеқайда жақын әрі лайықты сияқты. Дегенмен, біз ешкімнің өнерімен, ұлттық ойынына қарсы пікір айтудан аулақпыз. "Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа" деген сөз де бекерге айтылмаған шығар...
Е. Жұмабайұлы