- Негізгі бет
- Бұл қызық
- "МЮ" Сеск Фабрегас...
"МЮ" Сеск Фабрегас үшін 40 миллион еуро төлеуге әзір
"Манчестер Юнайтед" жақын арада "Барселонамен" жартылай қорғаушы Сеск Фабрегасты қатарға қосу үшін келіссөздер жүргізуге дайын.
Sky Sports хабарлағандай, "қызыл сойқандар" талантты каталониялық футболшы үшін 40 миллион еуро жұмсауға да әзір екен. "МЮ" мұндай қадамға клуб ойыншысы Пол Скоулздың футболшылық мансабының аяқталғандығын мәлімдегеннен кейін барып отырған көрінеді. Яғни 26 жасар Фабрегас оның алаңдағы орнын баспақ.
Алайда осыған дейін "Барселона" клубының хавбегі өзінің туған қаласында қалғысы келетіндігін де айтып қалған еді. Бейресми ақпараттар бойынша, егер каталондықтар Фабрегасты сататын болып шешсе, онда бірінші болып ұсыныс тастауға "Арсеналдың" құқы бар. Себебі "зеңбірекшілердің" қатарында Фабрегас 2003-2011 жылдар аралығында ойнаған болатын.
Соған қарамастан Sky Sports бұл ойыншыны сатып алуға "МЮ"-дың мүмкіндігі жоғары деп бағалайтын көрінеді. Егер келісім орын алып жатса, Фабрегас "Манчестер Юнайтед" қатарындағы Робин ван Персиден кейінгі "Арсеналдың" екінші экс-ойыншысы атанады.
Биылғы маусымда Сеск "Барселона" қатарында 48 ресми матчқа қатысып, 12 гол соғып және 15 нәтижелі паспен көзге түсе білді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: football.ua
Б. Қосмағамбет