Адамға адамды ұқсатып жатамыз. Көбіне түріне қарай ұқсатсақ, кейбірінің мінез-құлығы мен қылықтары ұқсайды екен деп айтамыз. Ал жақында әйгілі футболшы Мессиден аумай қалған ирандық елді таңдандырды.
29 жастағы Тегеран тұрғыны Риза Перестес Лионель Мессиден аумайды. Өзі де аргентиналық футболшыға еліктейді екен. Бірақ ешқандай пластикалық ота жасатпаған. Тек сүйікті футболшысының имиджін (шаш бояу, шаш қию, сақал өсіру, т.б.) жіті бақылауда ұстайды.
Риза Перестеске туысқандары мен достары әлдеқашан Месси деп ат қойған. Көшеден көргендер таңданыстарын жасыра алмайды екен.
Ал әуежайда жұрт қолтаңба сұрап, кезекке тұрған сәттер де көп болыпты.
Риза Перестестің Мессиден айырмашылығы – артық салмағында. Ол жақын күндері ішіндегі артық майынан арылып, салмақ тастауды жоспарлап жүр екен.
Айта кетейік, Қазақстанда да Мессиге ұқсайтын адам бар екені өткен жылы ақпарат құралдарында жазылған. Қарағандының Кирилл Овчинников есімді тұрғынын аргентиналық футболшыға ұқсататындар көп. Бірақ ол футболға қызықпайды. Футболшыға еліктемейді де екен.