Месси жарақат алып тынды

Месси жарақат алып тынды

Каталониялық "Барселона" клубының шабуылшысы Лионель Месси кеше ЧЛ 1/4 финалы аясында Францияның "Пари Сен-Жермен" клубымен болған матчта жарақат алып қалды. 

Ол ойынның бірінші таймы аяқталар тұста жамбыс сүйегін зақымдап алды. Осы себепті үзілісте оның орнына жартылай қорғаушы Сеск Фабрегас шығуға мәжбүр болды. Бүгін ол мұқият медициналық тексерістен өтпек. Нәтижесінде оның жарақатының қаншалықты ауыр екені және оның аяққа тұрып кету уақыты нақты анықталатын болады. Бұл туралы "Барселонаның" ресми туиттері хабарлап отыр. 

Sport.es мәліметі бойынша, Месси алған жарақатынан кем дегенде үш аптадан соң айығуы мүмкін екен. Егер осы ақпарат шындыққа айналса, онда әлемнің үздік футболшысы 10-сәуір күні ПСЖ клубымен болатын қарымта ойында және Испания біріншілігіндегі "Мальорка", "Сарагоса", "Леванте" клубтарына қарсы матчтарда өнер көрсете алмайды. 

Естеріңізге салсақ, Лионель Месси кеше өткен ПСЖ-ға қарсы ойынның 38-минутында есеп ашқан еді. Бұл доп оның биылғы маусымдағы 63-голы болып отыр. Ал жалпы кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды. Париждік клуб жеңілістен матчтың аяқталуына бірер секунд қалғанда құтылып үлгерген еді.  


Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: prosport-ru.tsn.ua 

Б. Қосмағамбет