«Барселона» командасының шабуылшысы, аргентиналық футболшы Лионель Мессидің фамилиясы испан тіліне сын есім болып кіруге лайық болды.
Оның фамилиясынан «inmessionante» сын есімі жасалған. Бұл сөз жақында ғана испан тіліндегі «Diccionario Santillana» түсіндірме сөздігіне кірді. Сөздің тікелей мағынасы «Мессидің керемет ойынындай» немесе «тарихтағы ең керемет футболшы» дегенге келеді екен.
Мұндай идеяны Аргентина футбол құрамасының бас бапкері Алехандро Сабелья өткен жылғы Аргентина-Уругвай ойындарынан кейінгі баспасөз отырысында айтқан еді. Сол ойында Месси үш гол соғып, нәтижесінде ойын 3-0 есебімен аяқталған болатын.
Содан кейін бұл ойды Мессидің жарнама серіктесі болып келетін Pepsi компаниясы әлеуметтік желі арқылы жандандырды. Кейін «Іnmessionante» деген сөзді Сабельяның өзі ұсынған.
Айта кетсек, жоғарыда аталған «Diccionario Santillana» түсіндірме сөздігі Pepsi компаниясының қолдауымен шығарылады.
Ал бұдан бұрын The Guardian ағылшын газеті Ресей футболшысы Кержаковтың атынан «кержаковтап жіберді» деген мағынаға келетін сөз ойлап тапқан еді. Бірақ бұл жерде ресейлік футболшының жетістігі емес, керісінше, допты қисық тепкен кезде қолданылатын етістік ретінде айтылған.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: furfurmag.ru