Танымал футболшы Лионель Месси "Барселона" клубымен келісімшартын ұзартуға асығар емес. Ол команда басшылығына арнайы талап қойып отыр екен.
"Sky Sports" арнасының хабарлауы бойынша, аргентиналық сұрмерген клуб басшыларына Люк Динь, Жереми Матье және Андре Гомештің командадан кетуін талап еткен. Егер клуб басшылары Мессидің бұл талабын орындамаса, шабуылшы келісімшартты ұзартудан бас тартады екен. Өйткені, бұл үш футболшы клубтың ойнау мәнеріне сай келмейді-міс. Сондай-ақ команданың бас жаттықтырушысы Луис Энрикенің де қызметінен кетуін айтқан.
Айта кетейік, Люк Динь мен Андре Гомеш "Барселона" сапына 2016 жылдың жазында келіп қосылған еді. Ал Жереми Матье болса каталондық клуб сапында 2014 жылдан бері ойнап келеді.
Мессидің 2018 жылдың жазына дейін "Барселонамен" келісімшарты бар. Каталондық клуб 29 жастағы аргентиналық шабуылшыға жаңа келісімшарт ұсынып отыр. Бірақ ол әлі нақты жауабын берген жоқ. Егер Месси клубтың жаңа келісімшартын қабылдайтын болса, онда әлемдегі ең көп жалақы алатын футболшы атанатын болады.