- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Месси алғаш рет...
Месси алғаш рет Роналдуды үздіктер қатарына қосты
Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы (ФИФА) кеше Лондонда жылдың үздік футболшыларын марапаттады. Үздіктерді анықтауға ұлттық құрамалар жаттықтырушылары, капитандары мен әр елден бір-бір журналист дауыс берген.
Дауыс беру қорытындысы бойынша хорват Лука Модрич 2018 жылдың үздік футболшысы атанды. The Best сыйлығын екі жыл қатарынан иеленіп келген Криштиану Роналду екінші орыннан көрінді. Үздік үштікті Мұхаммед Салах түйіндеді. Ал аргентиналық Лионель Месси 12 жылда алғаш рет үздік үштікке енбей қалды.
Бір қызығы, дауыс бергендер тізіміне үңілер болсақ, Месси өзі дауыс берген үздік үштікке Роналдуды қосқан. Аргентиналық футболшы да, португалдық ойыншы да осыған дейін бұл дауыс беруде бір-бірін мойындамай келген еді. Бұл жолы Месси кеңпейіл танытқанмен, Роналду 10 жылдан бергі бәсекелесін үздіктер қатарына қоспаған. Сонымен кім-кімге дауыс берді?
Аргентиналық футболшы Лука Модрич, Килиан Мбаппе мен Роналдуға дауыс берген. Роналду болса Рафаэль Варанның есімін бірінші атаған. Одан кейінгі екі орынға Лука Модрич пен Антуан Гризманнды қойған. Кеше өткен Лондондағы марапаттау рәсіміне екі футболшы да келген жоқ.
The Best марапатына ие болған Лука Модрич болса Варан, Роналду мен Гризманнды үздік деп таныған.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Станимир Стойлов пен капитан Бауыржан Исламхан бірдей дауыс берген. Олардың таңдауы - Лука Модрич, Килиан Мбаппе және Криштиану Роналду.
Үздік футболшыға дауыс бергендер тізімі
О. Сансызбай