Жуырда ғана каталониялық Барселонамен келісімшартын ұзартқан аргентиналық шабуылшы Лионель Месси әлемдегі ең көп жалақы алатын футболшы атанды. Бұл туралыMarca басылымы хабарлап отыр. 25 қараша күні Барселона 30 жастағы шабуылшы Мессимен келісімшарт жасағанын хабарлады. Футболшы өз міндетінен бас тартқан жағдайда төленетін өтемақы құны 700 миллион еуроға бекітілді. Испаниялық басылымның мәліметі бойынша, жаңа шартнама бойынша жылына клубтан 30 миллион, ал қосымша сыйақыларды қоса есептегенде 43 миллион еуро жалақы алатын болады. Сонымен қатар аргентиналық шабуылшы жаңа келісімшартқа қол қойғаны үшін клубтан 50 миллион еуро көлемінде сыйақы алады. Осылайша Месси әлемдегі ең көп жалақы алатын футболшы атанып отыр. Бұған дейін әлемдегі ең көп жалақы алатын футболшы - Карлос Тевес еді. Қытайдың Шанхай Шеньхуа клубында ойнайтын аргентиналық шабуылшы жылына 38 миллион еуро алады. Одан кейін тізімде Неймар (ПСЖ, 36 миллион еуро), Криштиану Роналду (Реал, 34 млн), Оскар (Шанхай СИПГ, 24 млн), Гарет Бэйл (Реал, 23 млн),Эсекьель Лавесси (Хэбэй Чайна Фортун, 22 млн), Халк (Шанхай СИПГ, 20 млн), Поль Погба (Манчестер Юнайтед, 17 млн), Грациано Пелле (Шаньдун Лунэн, 15 млн) секілді футболшылар жайғасқан.