Адамды таныған сайын оны мінсіз етіп көргіміз келеді. Міне, футболдың еуропалық жұлдызы Лионель Мессидің мінсіз еместігін дәлелдейтін тағы бір әңгіме интернет бетінде қызу талқылануда.
Қайырымдылық турне шарасы аясында Месси Лос-Анджелеске жұлдызды аяқдопшылармен бірге жолдастық кездесуге баруы керек болған. Осы шарада жанкүйерлермен кездесу жоспарланған еді, 75 адам 2500 АҚШ доллары көлемінде арнайы шақырту сатып алып, даңқты футболшымен кездесіп әңгіме-дүкен құруы тиіс еді. Сөйтіп, жалпы көлемі 200 мың АҚШ долларын жинаған жұрт сапасыз пластикалық доп алған. Ал оның бетіне жұлдыздың қолы автоматтандырылған қондырғы арқылы қойылған болып шыққан. Месси болса, алаңға да шықпапты.
Алданғандардың бірі Тони Шервуд есімді жанкүйер бұрын-соңды мұндай ақша төлеп көрмегенін және көңілі қатты қалғанын айтты. Ол өз баласымен бірге Лионель Мессиді көру бақытын 5 жыл бойы күтіпті. Өзге де фанаттар Мессидің «жалған» қолы қойылған допты лақтырып тастап, стадионнан ызалы күйде шығып кеткен.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: news.poznaimir.net