2010 жылы Ванкуверде (Канада) өткен қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы беларусь Алексей Гришин бәссаудада өз алтын медалін сатты, - деп жазады Inside The Games.
Бостонда өткен бәссаудада спортшының алтын жүлдесі 68 750 долларға бағаланған. Оны Алексей Гришиннің отандасы сатып алыпты. Коллекционер өз есімін жариялауды құп санамаған.
- Медальдың Беларусь еліне қайтатыны үшін қуаныштымыз. Гришин алған қаржысын жақын досының ем-домына жұмсамақ. Барлық тарап үшін де бұл тиімді болды, - деді бәссауданың атқарушы вице-президенті Бобби Ливингстон.
Акробат шаңғышы алтын медалін сататыны жайлы осыған дейін де айтқан. Бәссаудаға қойғанын жасыруға тырысқанымен, журналистер назарынан тыс қалмаған еді.
- Иә, медальдарым бәссаудаға қойылды. Себеп – жақын адамыма ота жасау үшін қомақты қаржы керек болып тұр. Медальдарды сатқаннан басқа қолдан келер қауқарым жоқ. Ақшаның барлығы емдеуіне кететін болады. Мен мұны жарнамалағым келмеген.
Мен үшін адам өмірі бәрінен қымбат. Ал медаль – ол бар болғаны металл, – деген еді tut.by порталына берген сұқбатында.
Алексей 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) өткен Олимпиада ойындарына да қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінген. Ол жолы иеленген қола жүлдесін 28 мың долларға сатты.