Аса ауыр салмақта әлемнің бұрынғы абсолютті чемпионы Майк Тайсон орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие қазақстандық боксшыГеннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен мексикалық Сауль Канело Альварес арасындағы бірінші жекпе-жек жайлы өз пікірін білдірді. - Мен Канелоға жанкүйерлік таныттым. Алайда кездесу тең аяқталды. Бұл ең дұрыс шешім болды. Екінші жекпе-жекте кім жеңетінін көреміз, - деді Тайсон Fight Hub TV арнасына берген сұхбатында. Сонымен қатар америкалық боксшы өзін Головкиннің фанаты деп есептейтінін де айтты. Майк Тайсонға қазақстандық боксшының жұдырықтасу мәнері ұнайды екен. - Мен Головкиннің фанатымын. Бүгінде ол pound-for-pound нұсқасы бойынша ең үздік боксшы. Жекпе-жекте ол тек жәй шабуылшы емес, тумасынан жеңімпаз. Ол шаршы алаңға шыққанда ұпаймен жеңуді көздемейді, ол қарсыласын әбден әуре сарсаңға салады. Головкин көрермендердің не көргісін келетінін біледі және соны істейді, - дейді Тайсон. Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің командалары екінші жекпе-жек өткізу үшін келіссөздерді бастап кетті. Қос боксшы 5 мамырда шаршы алаңда қайта кездесуі мүмкін. Айта кетейік, 2017 жылы 16 қыркүйекте Лас-Вегаста өткен жекпе-жек қорытындысы бойынша Головкин мен Альварес тең түсіп, отандасымыз чемпиондық атағын сақтап қалған болатын.