Луис Суарестің үздік голдары (видео)

Луис Суарестің үздік голдары (видео)

Ағылшын біріншілігінің бітуіне де санаулы турлар қалды. "Ман Сити" жыл басынан үміткер саналса да, соңғы турларда ұпайдан шашау шығарып алды. Жозенің қол астындағы "Челси" қулық жасырып, көш басынан әупірімдеп қалмай келеді. Ал "Ливерпульге" көп жылдың мақсаты болып келген үздік төрттікке ілініп қана қоймай, чемпион атануға тамаша мүмкіндігі бар.  Барлығын бүгінгі кештегі ойын шешеді -   "Ливерпуль" - "Челси". Ал біз "қызылдардың" сапындағы бір ойыншыға тоқтала кетсек...

Кеше ғана Мотевидео көшесінде доп теуіп жүрген жігіт бүгінде Брендан Роджерс баптаған "банданың" ең белді мүшесіне, тұтас бір азғаның ең маңызды бөлігіне айналып отыр. Оның есімі қазіргі уақытта Месси мен Роналдулармен бір қатарда айтылары даусыз. Десе де, уругвайлық жігітті футбол әлемі әлі толық танып үлгерген жоқ деген ойдамыз. 

Суарес ешуақытта қатардағы ойыншы болып келмеген-ді. Доп соға алмаса, өз қақпасын голдан құтқарып қалу, ашуға тиіп бара жатса, қарсыластың қолынан тістеп алу - оның танылып үлгермеген көп қырларының бірі. Бұған оның өзін футболда балаша ұстайтыны немесе үлкен өнерге еніп кететіні соншалықты, істеген ісіне жауап беріп жатпайтыны дәлел бола аларлық. Әр мачта қауіпті момент ұйымдастыра алуға оның білігі де, шеберлігі де жетеді. Уругвайдың бұлқынған футбол ортасынан келген ойыншы бала кезінен ғашық өнерін байлық үшін емес, жан рақаты үшін ойнайтынын жасырмайды.  

"Ливерпуль" бүгін кеште ел біріншілігін жеңіп алуға  бір табан жақындай түспек. Ол үшін, лондондық "ақсүйектерді" тізе бүктіруі тиіс. Жозенің командасына Брендан Роджерстің командасы  қандай айла-амал жасайтынын көретін боласыз. Ал әзірше ағылшын біріншілігінің ең үздік сұрмергені, өз командасын алға сүйреуден талмай келе жатқан Суарестің тамаша голдарын ұсынамыз. Бір айта кетерлігі, бұл топтамаға футболшының барлық уақыттағы үздік доптары енген екен.

Автор: Әкежан Дәкен

Сурет: watchinga.com

Л. Лига