Қытайда Головкин мен Димаш кездесті

Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен танымал әнші Димаш Құдайбергенов Шанхайда кездесті. Бұл туралы әнші Instagram парақшасында жазды.

"I am a Singer" конкурсында ел абыройын асырған Димаш Құдайбергенов боксшы Геннадий Головкин және Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұралы Әлиевпен түскен суретін жариялады. Нұралы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені. Ол 2016 жылы Генаның британдық Келл Брукпен өткізген жекпе-жегіне демеушілердің бірі болған еді.

- Ағалармен өткен жақсы кеш. Сіздерді көргеніме қуаныштымын. Шанхай, - деп жазды Димаш Instagram парақшасында.

Геннадий Головкиннің Қытай еліне қандай мақсатпен келгені белгісіз. Оның бұл сапарын өзі не командасы ресми түрде хабарлаған жоқ.

Осыған дейін Димаш Құдайбергенов 11 қараша күні ең бай қытайлық ықпалды тұлғалардың бірі Джек Маның мерекелік кешіне қатысқан еді. Кеште Джек Ма түскен қысқаметражды фильм таныстырылған-ды. Ал кеше сол фильм жайында Мэнни Пакьяо, Джейсон Стэтхэм мен Геннадий Головкин арнайы видеода қытайлық миллиардерді "жекпе-жекке" шақырған болатын.

53 жастағы Джек Ма әлемдегі танымал "Alibaba Group" интернет компаниясының негізін қалаушы. Қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге жанкүйерлік танытады. Қыркүйек айында Сауль "Канело" Альвареспен өткен жекпе-жегіне барып, қазақстандық боксшымен суретке түскен еді.