- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Қысқы Олимпиада ойындарына...
Қысқы Олимпиада ойындарына ең көп қатысқан спортшы
Жапон спортшысы Нориаки Касаи қысқы Олимпиада ойындары тарихында рекорд орнатты. Ол Пхенчханда мансабындағы 8-ші ақ Олимпиадасына қатысып жатыр.
Камикадзе деген лақап атпен танымал Нориаки Касаи тұғырдан секіру спортынан бақ сынайды. Ол 1992 жылдан бері Олимпиадаға қатысып келеді.
45 жастағы жапон спортшысы кеше қалыпты тұғырдан секіру сайысының іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, финалдық кезеңге жолдама алды. Алда жүлде үшін талас жүргізіп көретін болады. Жүлде демекші, Нориаки осыған дейін Олимпиада ойындарында 2 күміс 1 қола медаль еншілеген. 2014 жылы Сочиде өткен додада тұғырдан секірудің К-125 сайысы бойынша күміс алған. Жарыс аяқталғаннан кейін 2018 жылғы Пхенчхан, тіпті 2022 жылғы Олимпиада ойындарына да қатысқысы келетінін айтқан болатын.
Нориаки Касаи – қысқы Олимпиада ойындарына 8 рет қатысып отырған тұңғыш спортшы. Ол осыған дейін 7 рет қатысқан ресейлік спортшы Альберт Демченкомен (шана спорты) үзеңгі қағыстырып келген еді. Жапон спортшысы Пхенчханда ресейлік спортшыны басып озды. Альберт 2014 жылғы Олимпиададан кейін мансабын аяқтаған болатын.
Жалпы Олимпиада ойындарына (жазғы, қысқы) ең көп қатысқан спортшы, ол – Иан Миллар. Канадалық атпен шабу спорты бойынша ол 10 Олимпиадаға (1972, 1976, 1984, 1988, 1992, 1996, 2000, 2004, 2008, 2012) қатысқан. Аустриялық Хуберт Раудашль (қайық спорты) және кезінде КСРО, кейіннен Латвия құрамасында болған мерген Афанасий Кузьмин 9 реттен төртжылдықтың басты додасында бақ сынаған.
Қазақстан құрамасы сапында қысқы Олимпиада ойындарына ең көп қатысқан спортшы - Елена Вячеславовна Антоновна. Ол 1994, 1998, 2002, 2006, 2010 жылғы ақ Олимпиадаға қатысты.
О. Сансызбай