Спортпен күнделікті шұғылданатындар күйзеліске аз ұшырап, саруайымға түсуі азаяды. Салауатты өмір салты уайым мен күйзелісті доғарады деседі ғалымдар.
АҚШ-тың Джорджия штатындағы университеттің ғалымдары физикалық жаттығулар кезінде күйзеліс гормоны кортизолдың мөлшерін азайтатын заттар жасалатынын анықтаған. JNeurosci журналында жарияланған зерттеуде физикалық жаттығу кезінде ағзада галанин атты зат өндірілетіні айтылған. Галанин жүйке жүйесінде өндірілетін ақуыз молекуласының нейропептид түріне жатады. Дәл осы зат адамның көңіл күйіне әсер етіп, уайым мен күйзеліске қарсы тұруға көмектеседі екен.
Ғалымдар галаниннің маңызын зерттеу үшін зертхана тышқандарын таңдаған. Оларды екі топқа бөліп, бірі физикалық белсенді болу үшін жүгіруге арналған дөңгелегі бар торға, екіншілерін бос торға орналастырған. Үш аптаға созылған зерттеу кезінде екі топ тышқандарын қысқамерзімді күйзеліске душар еткен. Нәтижесінде физикалық белсенді болған тышқандар екіншілеріне қараған күйзеліске әлдеқайда төзімді болатыны анықталған. Бірінші топ тышқандарының миында галанин нейропептидінің көп мөлшерде болғаны белгілі болды. Бір қызығы, галаниннің көп мөлшері мидың күйзеліске қарсы реакциясына жауап беретін бөлігінде орналасқан. Осыдан ғалымдар тұрақты түрде спортпен шұғылданатын, физикалық белсенді адамдар күйзеліске әлдеқайда төзімді деген тұжырымға келді.
Физикалық жаттығудың күйзеліске қарсы әсер ететіні туралы тағы бір қызық тәжірибе өткен. Бұрын-соңды мүлдем спортпен айналыспаған колледж студенттеріне аптасына екі немесе үш рет спортзалға баруға кеңес берілген. Нәтижесінде зерттеуге қатысқан студенттер жаттығулардың күнделікті өміріне жақсы әсер еткенін алға тартады. Бұдан бөлек, студенттердің бойынан стрестің азайғаны, алкоголь, шылымнан бас тартқаны немесе темекі мөлшерін азайтқаны байқалған. Оған қоса олар пайдалырақ тағамдарды да тұтынып, оқу үлгерімдерінің сапасын да көтере бастаған.
Айта кетерлік тағы бір жайт, 2 айлық тұрақты жаттығудан кейін зерттеуге қатысушылар арасында өздерін қадағалау көрсеткіші жоғарылаған. Басқаша айтқанда, студенттер оқу барысындағы ең қиын сәттерде де сабыр мен жинақылық таныта бастаған. Сондай-ақ, спорт оларға күйзелістен арылып қана қоймай, ауқымы үлкен ақпараттарды оңай қабылдауға көмектескен.
"The Power of Habit" атты кітаптың авторы Чарльз Дахигтың пікірінше, күнделікті жаттығулар әуелі өмірдің бір бөлігіне әсер етіп, содан кейін өмірдің басқа тұстарын өзгертуге кіріседі екен. Бұл әдеттердің күштілігі соншалық, өзімізге қатысты пікірді өзгертіп, жаңа мүмкіндіктерді байқауға жол ашатын көрінеді.
Мәселен, Back on My Feet деп аталатын қайырылымдылық жобасы айтарлықтай нәтиже көрсеткен. Ол жоба аясында өткен марафонға 5000-нан астам үйсіз адам қатысқан. Марафонға қатысқандардың 40 пайызы жұмыс табуға мүмкіндік алса, 25 пайызы тұрақты баспанаға қол жеткізген.