Татарстандық «Рубин» командасының бас бапкері Құрбан Бердыев Қазақстанның барлық жас деңгейіндегі құрамалардың қеңесшісі болуы мүмкін. Бұл туралы Ресейдің «Спорт-экспресс» басылымы хабарлайды.
Газеттің хабарлауынша, еліміздің футбол федерациясының бас хатшысы Саян Хамитжанов Құрбан Бердыевпен өткен айдың басында келіссөз жүргізу үшін жолыққан екен. Дегенмен Ресейдің екі дүркін чемпионы нақты келісім бермепті. 60 жастағы түркімен маманының алдағы уақытта татарстандық командамен шартнамасы бітеді. Ал, Бердыевтың сөзіне қарасақ, ол әрмен қарай команданы жаттықтыруға ниетті емес екен. Өз кезегінде ҚФФ Құрбан Бердыевтың соңғы сөзін айту үшін 2013 жылдың орта беліне дейін уақыт берген.
Егер маман елімізге келуге келіссе, ол Қазақстанның барлық жас шамасындағы құрамалар бапкерінің үстінен қарайтын болады. Сондай-ақ Қазақстан Футбол Федерациясының басшылары Бердыевтың алдына 2016 жылға дейін Қазақстан құрамаларын жоғарғы деңгейге көтеру туралы тапсырма бермек.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: vesti.kz