Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы кіші Хулио Сезар Чавес WBA (Super), IBO және WBC Interim тұжырымдары бойынша осы салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинді күлкі етуге тырысты, - деп хабарлайды Vesti.kz. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.
Кіші Чавес пен Головкин арасында жекпе-жек өтуі мүмкін екені жайлы қауесет бұрыннан бар. Боксшылардың өздері бұл жайлы бірнеше рет пікір білдірген. Мексикалық боксшы жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтайтынын айтып, миллион долларға бәстесуге дайын екенін де айтқан.
Кіші Чавес Instagram желісіндегі парақшасына Головкинмен төбелесіп жатқан видеосын салды. Боксшы өз соққыларына Головкиннің жауап қайтара алмағандығын айтып, оны күлкі етуге тырысты.
Бұған дейін Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчес шәкірті мен канадалық боксшы Давид Лемье арасындағы жекпе-жекті көргісі келетінін айтқан. Ал канадалық боксшы Головкинге қарсы жекпе-жекке дайын екенін, одан сескенбейтінін білдірген. "Орта салмақта басқа да боксшылардан ұсыныс күтіп жүрмін. Дегенмен Геннадий Головкин тарапынан мұндай ұсыныс түсіп жатса, мен қуана қабылдаймын", - деді Лемье.
Айта кетейік, Геннадий Головкиннің келесі жекпе-жегі 16 мамыр күні Лос-Анджелес қаласында өтеді. Жерлесіміздің бұл жолғы қарсыласы Boxcino 2014 турнирінің орта салмақтағы жеңімпазы кіші Вилли Монро болмақ.
сурет: vesti.kz