Криштиану Роналду: "МЮ-дегі күндерімді сағындым"

Испандық "Реал" клубының шабуылшысы Криштиану Роналду кезекті рет өзінің МЮ-деген сағынышымен бөлісті. Алайда әзірге Англияға оралу жөнінде ойлап жүрмегендігін де ашық айтты. 

"Мен ағылшын футболын қатты сағындым. "Манчестер Юнайтедте өткізген күндерім - менің өмірімдегі ең қызықты шақтар болып қала бермек. Сондықтан ол клуб менің жүрегімде мәңгіге сақталады. Алайда қазір менің өмірім Испаниямен тығыз байланысты. "Реалда" өткізген әр матчтың мен үшін маңызы зор. Мен қазір өзімді испан примерасында бақытты сезінемін",-дейді Роналду. 

Португалиялық ойыншы әзірге футбол тарихында ең қымбатқа түскен футболшы статусын сақтап келе жатыр. Осыған дейін батыстық спорт БАҚ өкілдері "Роналду осы жазда Манчестерге қайтып оралады" деген сарында бірнеше рет ақпарат таратқан болатын. Бірақ Роналду әр жолы ол сөздердің барлығын жоққа шығарып, әзірге өзін тек "корольдік клуб" қатарында көретінін айтқан еді. 

Биылғы маусымда Роналду Испания біріншілігі аясында "Реал" сапында 34 матч өткізіп, 34 доп соға алды. Өз клубымен бірге ол примерада екінші орынды иеленсе, ел кубогында финалға дейін, ал чемпиондар лигасында жартылай финалға дейін жетті. 


 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sport-xl.net