Короновирус инфекциясының спортқа тигізген әсері аз болмады. Футболдан жазда өтуі тиіс болған Еуропа чемпионаты кейінге шегерілді. Ал нағыз қызған шағына келген Еуропадағы елдердің чемпионаттары аяқталмай қалды. Өзге де спорт түрлерінен халықаралық жарыстар тоқтатылды. Десе де короновирусқа қарамай өтіп жатқан жарыстар да бар.
Футболдан Беларусь чемпионаты
Қазіргі таңда Беларусь елінде 51 адам короновирус жұқтырған. Бірақ бұл жағдай футболдан ішкі чемпионаттың басталуына кедергі болған жоқ. Клубтар да жарыстың басталуына қарсы болмады. Тіпті жанкүйерлердің келуіне де тыйым салған жоқ.
Футболдан Беларусь чемпионатының деңгейі аса жоғары емес. Әйтсе де теңбіл допты сүйер қауым қазір осы елдің жарысына көз тіге бастады.
Футболдан Газа секторы кубогы
Мұндай жарыс барын бұрын естігендер аз болар. Көбіміз қарайтын доп додаларына қатарына кірмес. Десе де араб-израиль қақтығысының ортасындағы Газа секторы футболдан қол үзген жоқ. Осы аптада бірнеше ойын да өтті. «Әл-Садак» командасы «Хадамат әль-Мағази» командасын 4:0 есебімен ұтса, Хан-Юнис қаласының «Шабабы» Джебалиядан келген «Шабабты» 1:0 есебімен жеңді.
Аустралия футбол лигасы
Еуропада спорт түрлерінен жарыстар өтіп жатқан жоқ. Мұндайда өзге құрлықтағы спорт түрлерін зерттеп көруге болады. Мысалы, Аустралияда футбол лигасы тоқтатылмаған.
Аустралия футбол лигасы регбиге ұқсайды. 18 адамнан тұратын екі команда сопақ доппен ойнайды.
Жасыл құрлықта короновирус инфекциясын жұқтырғандар саны 700-ге жуық. Десе де кеше бұл жарыс ресми түрде басталды. Бірақ барлық ойын жанкүйерсіз өтеді. Сондай-ақ кезеңдер уақыты 20-дан 16 минутқа қысқартылған.
Волейболдан Ресей чемпионаты
Көрші Ресей елінде де тоқтатылмаған бір жарыс бар. Ол – волейболдан Ресей чемпионаты. Қазір плей-офф кезеңіндегі ойындар жалғасуда. Әйелдер арасындағы 1-4 орындар мен ерлер арасындағы іріктеу ойындары аз ғана жанкүйермен немесе тіпті жанкүйерсіз өтуі мүмкін.
Бұл жарыстармен қатар Аустралияның және Африкадағы Малави, Ангола, Бурунди елдерінде де футбол чемпионаттары әлі тоқтаған жоқ. Кей клубтар өзара жолдастық ойындар да өткізуде.