Конфедерация Кубогі. Додаға қазылық ететін төрешілер анықталды

Конфедерация Кубогі. Додаға қазылық ететін төрешілер анықталды

Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) 2013 жылы Бразилия жерінде өтетін Конфедерация Кубогінде қазылық жасайтын төрешілерді анықтады.

Бұл тізімде әрине, қазақстандық төрешілер жоқ. Сондай-ақ, ресейлік қазылар да бұл тізімге енбеген екен. Дегенмен, өзбекстандық төреші Равшан Ирматов Конфедерация Кубогінде төрелік жасауға мүмкіндік алыпты. Ал жалпы ФИФА бұл турнирді төрелік етуді Юити Нисимура (Жапония), Джаймел Аймуди (Алжир), Энрике Оссес (Чили), Диего Абалем (Аргентина) және Джоэль Агиляр (Сальвадор) сынды қазыларға тапсырған екен.

Еуропа аймағынан Конфедерация Кубогінде Феликс Брих (Германия), Педру Проэнсо (Португалия), Бьерн Куйперс (Голландия), Говард Уэбб (Англия) жұмыс істейтін болады.

«Бұл төрешілердің барлығы да өз істерінің нағыз мамандары. Сондықтан да біздің таңдау дәл осы қазыларға түсті. Оның үстіне келер жылы Әлем чемпионаты өтеді. Конфедерация Кубогінде жақсы төрелік еткен қазылар, келер жылы Әлем біріншілігінде де төрелік етуге мүмкіндік алады», - дейді ФИФА-ның төрешілер қауымының басшысы Массимо Бузакки.

Айта кетейік, 2013 жылғы Конфедерация Кубогі 15 шілде бен 1 тамыз аралығында Бразилия жерінде өтетін болады. Турнирде Бразилия, Жапония, Мексика, Испания, Италия, Уругай, Таити және Нигерия құрамалары қатысады. Тағы бір ескере кететін жайт, бұл жарыс барысында алғашқы рет голды автоматты түрде анықтайтын GLT құрылғысы сынақтан өтеді.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: gazeta.ru

Ю. НИКУЛЛИН