Келл Брук Головкинмен жұдырықтасқаны үшін қанша сыйақы алады?

Британдық боксшы Келл Брук отандасымыз Геннадий Головкинмен жұдырықтасқаны үшін қомақты қаржыға кенеледі. Ал қазақстандық боксшының қанша сыйақы алатыны белгісіз қалып отыр.

BoxingScene.com басылымының мәліметі бойынша, Келл Брук бұл жекпе-жектен шамамен үш миллион фунт стерлинг (төрт миллион доллар) табысқа кенеледі.  Жекпе-жек 10 қыркүйек күні Лондондағы «О2» аренасында өтеді.

Кеше Геннадий Головкин Лондонда жанкүйерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарына арнап, ашық жаттығу өткізді. Отандасымыз Ұлыбритания жерінде алғаш рет жекпе-жекке шығады.

Айта кетейік, Келл Брук бірінші орта салмақта жұдырықтасып келген боксшылардың бірі. Осыған дейін 36 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 25-де қарсыласын нокаутпен ұтқан. IBF чемпиондық атағына ие. Соңғы жекпе-жегін наурыз айының 26 жұлдызында өткізген. Шеффилд (Англия) қаласында өткен жекпе-жекте канадалық Кевин Бизьені екінші раундта нокаутпен ұтқан.